Токио Олимпиадасы: каратэден жолдама саны үшеуге жетті

Токио Олимпиадасы: каратэден жолдама саны үшеуге жетті

11-13 маусым аралығында Франция астанасы Парижде каратэден Токио Олимпиадасына жолдама үлестірілетін турнир өтті. Қазақстан құрамасы сапынан Мөлдір Жаңбырбай мен Нұрқанат Әжіқанов Токио Олимпиадасына жолдама иеленді. Мөлдір 55 килоға дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанса, Нұрқанат 75 килоға дейінгі салмақта жеңіске жетті. Жарыс ережесі бойынша турнирде үздік үштікке енген каратэшілерге Олимпиада жолдамасы беріледі.

Бұдан бөлек, аталған бәсекеде сынға түскен Сабина Захарова төртінші орын иеленіп, Олимпиададан сырт қалды. Ал ката бағдарламасында бақ сынаған Мәди Қатешов 1/16 айналымнан өте алған жоқ. Осылайша, каратэден Қазақстан еншісіндегі жолдама саны үшеуге жетті. Бұған дейін Дархан Асаділов мерзімінен бұрын лицензия иеленген болатын.