Өңірлерде Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар басталды

Өңірлерде Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар басталды

Бүгін Өскемен қаласында Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар легі басталды.

Бұл мереке жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті қазақстандықтарды мүмкіндігінше белсенді болып, олимпиада құндылықтарын зерттеп, жаңа спорт түрлерімен танысу үшін бүкіл маусымды олимпиада құндылықтарына арнайды. Барлық іс-шара халықаралық олимпиада қозғалысының «Бәріміз бірге: жылдам, биікке, мықты» жаңа ұранымен өтеді.

Олимпиаданың бес сақинасы бес құрлықты бейнелейтіні сияқты, еліміздің спорттағы бірлігін сипаттау мақсатында Қазақстанның бес өңірінде мерекелік эстафета өтеді.

Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен бұл эстафетаны бірінші болып Шығыс Қазақстан облысы бастады. Елімізде жеңіл атлетиканың ошағы саналатын Өскеменде балалар арасында жеңіл атлетикадан жарыс өтті. Жеңіл атлетиканың таңдалуы кездейсоқтық емес. Себебі, Шығыс Қазақстаннан жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы және бірнеше дүркін жүлдегері Ольга Рыпакова шыққан. 

Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде 60-тан астам жас спортшы 50 және 200 метрге жүгіру, ұзындыққа секіру және басқа санатта бақ сынады. Бүгінде Ольга Рыпакова орталығында 600-ден астам бала мен жасөспірім 24 жаттықтырушының жетекшілігімен спортпен тегін айналысады. Сонымен қатар биыл наурызда жеңіл атлетика бөлімінен бөлек, үстел теннисі бөлімі ашылды.

«Біздің балалар өте дарынды. Бізбен бірге жаттығатындардың арасында спорт шеберлері, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, жастар арасындағы әлем және Азия чемпионатының қатысушылары бар. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова осында жаттығады. Балалар оның дайындығын, жаттығу барысын көріп жігерленіп, сондай болуға талпынады.  Әсіресе, жаңадан келген балалар ерекше ынталанып қалады. Біз Олимпиада күнін дәстүрлі түрде жылда атап өтеміз. Тек былтыр карантинге байланысты жарыс өткізілмеді. Әйтпесе, балалар бұл мерекені жылда тағатсызданып күтіп, ерекше дайындалады»,-деді спорт шебері, жоғары санатты жаттықтырушы Владислав Лешин.

«Әрине, бәріміз Ольга Рыпакова сияқты Олимпиадаға баруды армандаймыз. Сондықтан біз жаттығуды үзбей, тынбай дайындаламыз. Осы орталықты салғандарға және жаттықтырушыларымызға зор алғыс айтамыз Барлығын Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын!»,-деді жарысқа қатысушы Жәмилә Дуанова.

Бүгінгі іс-шараның басты қонағы жақында Токио Олимпиадасына аттанатын Лондонда Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы Ольга Рыпакова болды.

«Спортшылармен сөйлесіп, кездесу қашанда өте әсерлі, жағымды әсер сыйлайды. Балалар әлі жас екеніне қарамастан мақсаттары айқын, жеңіске деген ұмтылысы зор. Дәл осындай ынта мен ерік-жігерді, төзімділік пен сенімділіктің арқасында балаларды өз мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін, ештеңеден жасқанып, тек жетістікке жетелейтін жарқын болашақ күтіп тұрғанына нық сенімдімін»,-деді Ольга Рыпакова.

Барлық балаға Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың қолы қойылған сертификат табысталды.

Өскеменнен кейін Олимпиада күні аясында солтүстік өңір эстафетаны жалғастырады. 19 маусымда Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровтың қатысуымен Петропавлда велошеру өтеді. Оңтүстік астана саналатын Алматы қаласында 20 маусымда спорттық құзға өрмелеуден ойындар, батыс өңірде, атап айтқанда Ақтауда 21 маусымда бокс пен дзюдодан шеберлік сабақтары өткізіледі. Эстафета 23 маусымда ел орталығы елордада аяқталады. Триатлон саябағында баскетбол, стритбол ойындары, текбол жарысы және каноэмен жарыстан фестиваль өтеді. Сонымен қатар дәстүр бойынша Қазақстанның ҰОК пен спортшылар еліміздің әр түкпірінде осы күні дүниеге келген сәбилерді құттықтап, оларға жақсы тілектер жазылған сыйлықтар мен хаттар табыстайды.