
Бүгін Нұр-Сұлтанда Qazaqstan спорт кешенінде ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент – Елбасы сынамасын тапсыру өтті.
Тұңғыш Президент тестілерін өткізудің мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, халықты дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыру, ел тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен шұғылдану деңгейін анықтау. Президент тестілерінің негізгі міндеті – дене шынықтыру арқылы халықтың денсаулығын сауықтыру, жастарды оқуға, еңбекке және әскери қызметке даярлау.
Іс-шараға Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев қатысып, тест тапсырды.
Президент тесті бес кезеңге бөлінеді:
1-кезең: ептілік 9-10 және 11-13 жастағы жалпы білім беретін мектептердің 4 және 7 сынып оқушылары арасында;
2-кезең: спорт 14-15 жастағы жалпы білім беретін мектептердің 9 сынып оқушылары арасында;
3-кезең: күш пен батылдық 16-17 жастағы жалпы білім беретін мектеп, колледж, лицейлердің 11 сынып білімгерлері арасында;
4-кезең: шынығуды жетілдіру - жоғары оқу орнының соңғы курс білімгерлері, 18-23 жас, 24-39 жас;
5-кезең: сергектік және денсаулық - жасы 40-60 жас және одан жоғары азаматтар арасында;
Айта кетейік, Президент тесттерін өткізу туралы Қазақстан Үкіметінің №774 қаулы 1996 жылы 24 маусымда қабылданған. Аталған тест Қазақстан халқының денсаулығын сақтау және қорғау үшін енгізілген дене тәрбиесінің нормативтері.