
Бүгін, яғни 2021 жылдың 27 мамырында Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жастар саясаты мәселелері жөніндегі қызмет пен «Адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселерімен бірлесіп ұйымдастырған онлайн-байқаудың жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Республикалық «Ең үздік киносценарий және пьеса» және «Үздік бейнеролик» байқауы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін көтеру, қоғамдағы сыбайластыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Байқауға сәуірдің 6-сы мен 24-і аралығында көркем сценарийлер мен шағын пьесалар, бейнероликтер қабылданған. Шығармашылық додада академия студенттерімен қатар, республиканың барлық бакалавриат деңгейіндегі білім алушылары өз бақтарын сынаған. Республикалық онлайн-байқаудың жүлдегерлерін марапаттауға келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Марат Қамзолдаев пен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Айгүл Сақтағанова барлық жүлдегерлерге өзінің жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық шабыт пен жетістіктер тіледі. Сөз соңында ҚР МСМ «Адалдық алаңының» басшысы Марат Болысбекұлы байқаудың жүлдегерлеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың атынан диплом табыстады. Сондай-ақ, студенттердің шығармашылық шалқар шабытын шыңдайтын осындай өнер додаларын жиі ұйымдастыру керектігін сөзіне тиек етті. «Үздік драматургиялық шығарма» аталымы бойынша бірінші орын иемденген «Арман» пъесасымен – Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кинотеледраматургия мамандығының 3 курс студенті Молдажан Жанерке, екінші орын алған «Сөнбес сезім» пъесасымен – Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Музыкалық театр артисі мамандығының 1 курс студенті Лохманов Илхамжан, үшінші орынды қанжығасына байлаған «Күңгірт әлем» пъесасымен – Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті Серік Нұртұрсын дипломмен марапатталды. Сонымен қоса, коррупцияға қарсы түсірілген видеоролик байқауының қорытындысы бойынша «Үздік видеоролик» номинациясы бойынша бірінші орынды иемденген «Жаза» ролигімен Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Көркем фильм режиссурасы мамандығының 2 курс студенті Бекболат Ураловқа, екінші орынды алған «Актив» ролигімен, Алматы технология және флористика колледжінің студенттері Қуаныш Абдуманапов, Жарқын Иманқожа, үшінші орынға ие болған «Мы новое поколение и мы говорим коррупции нет» ролигімен, Алматы технология және флористика колледжінің 1 курса студенті Исламжан Касымовқа диплом табысталды.
Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Шыңғыс Ергөбек байқауда ұшқыр қиялы мен терең білімін көрсеткен, сондай-ақ мағыналы бейнеролик ұсынған жүлделі орын алған белсенді студенттерді құттықтап, министрліктен арнайы марапаттауға келген қонақтарға шексіз ризашылығын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және жастар саясаты мәселелері жөніндегі қызмет басшысы Әскербек Әнуар марапаттау рәсімінде үздік шығармаларды ерекше атап өтті. Жемқорлықтың алдын алуға қатысты іс-шаралар жоспарымен бөлісті. Әскербек Әбдірахманұлы өз сөзін: «Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Жемқорлықтың алдын алуда барлық күш-жігерді біріктірейік. Сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының парасатты парызы, азаматтық борышы. Осындай іс-шараларда Министрліктен қолдау көрсеткен азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін», – деп түйіндеді.