
26 мамырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка орта мектеп-интернатында 2021-2022 оқу жылына 1 сынып оқушыларын қабылдау конкурсының І кезеңі өтті.
Конкурстың іріктеу тәртібі, шарттары, мерзімі, тізімі мен кестесі және басқа да мәліметтер «Мектепке оқушыларды қабылдау Қағидаларына» сәйкес мектеп сайтында орналастырылып отырды.
Ата-аналар құжаттарын электронды форматта тапсырып, дер кезінде қажет ақпараттарды алды.
Бүгінгі байқауда қабылдау комиссиясы 104 үміткерді тыңдады. Мектеп-интернаттың жетекші педагогтарынан құралған комиссия және әртүрлі ұйымдардың тәуелсіз өкілдері бүлдіршіндердің музыкаға бейінділігін, музыкалық қабілеттерін байқады.
Байқау барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Айгүл Сақтағанова мен ҚР Композиторлар қауымдастығының төрағасы Артық Тоқсанбаев үміткерлердің ата-аналарымен сұхбат жүргізіп, сұрақтарына жауап берді. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және халықпен кері байланыс орнату мақсатында мектеп сайтында көрсетілген сенім телефондарына хабарласу мүмкіндігінің бар екендігін хабардар етті.
Сонымен қатар сынақ кезінде үміткерлердің тыңдалымдары бейнекамераға түсірілді.
Коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында конкурс кезінде барлық санитария талабы сақталды.
І турдың қорытындысы бойынша комиссия 53 үміткерді ІІ кезеңге өткізді. Олардың тізімі мектеп сайтына орналастырылды: baiseitovaschool.kz.