2018 жылдың ең үлкен экспедициясы өз мәресіне жетті

2018 жылдың ең үлкен экспедициясы өз мәресіне жетті

«Ұлы Дала Еліне саяхат»  экспедициясын  Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «KazakhTourism» АҚ»  ұлттық компаниясы  Мәдениет және спорт министрлігіндегі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша ұйымдастырған болатын.  Экспедиция мақсаты-жаңа туристтік маршруттарды жасау үшін табиғи, тарихи және қасиетті жерлерді зерттеу, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту, туған елді танып-білу.  Экспедиция осы жылғы 18 шілде мен 29 қыркүйек аралығында   6 маршрут бойынша 6 туристтік кластерге және елдегі ең маңызды деген табиғат нысандарына жасалды.

Үш ай ішінде  оған қатысушылар 17 000 шақырымды бағындырып, Қазақстанның 11 облысы, табиғи жерлер, саябақтар мен қорықтарды аралап қайтты.  Экспедицияның Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында өткен соңғы кезеңіне «Ұлытау» қорық-мұражай қызметкері Дмитрий Ругис қатысты.  Дмитрий Мәдениет және спорт министрлігі үшін туристтік нысандардың  сапалы фото және видео банк жасау мақсатында фото және бейне түсірілімдер   жасады. Өткен аптада  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ  Астанада  экспедиция қорытындысына арналған бейресми кездесу ұйымдастырып, оған Дмитрий Ругисті спикер  ретінде шақырған еді.

Осы кездесу барысында Дмитрий «Kazakh Tourism» ҰК»  АҚ Басқарма төрағасы Рашид Күзембаевпен Ұлытауда туристтік кластер құру және туризмді дамыту жайын сөз етті. Күзембаев Ұлытаудың бар қазақ үшін қасиетті мекен екенін және  мұнда туризмді дамытудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, кездесуде тарихи, мәдени және табиғи ескерткіштерге бай өлкеде туризмнің түрлі бағытын, туристтерге қызмет көрсетуге әлеуеті жеткілікті инфрақұрылымды дамыту жайы да айтылды.  Өңірде ұлттық салт-дәстүр, этономәдениеттің сақталғаны аталып, «Терісаққан көктемі» халықтық фестивалінің маңыздылығы да сөз болды.

Фестиваль «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Рашид Күзембаев тарапынан  жеке капитал мен халықтық және мемлекеттік құрылымдар ынтымақтастығының үздік мысалы ретінде бағаланады.