
Бүгін Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Дубайда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы 5 күміс, бір қола жүлдеге ие болды.
Финалға жолдама алған бес отандастарымыздың сапынан алғашқы болып рингке шыққан Даниял Сәбит өзбекстандық Нодиржон Мырзахмедовпен жұдырықтасты. 18 жастағы қазақ былғары қолғап шебері 49 килограммға дейінгі салмақтағы қазіргі Азия чемпионы Мырзахмедовтен айласын асыра алмады.
Өкінішке қарай осыдан кейін шаршы алаңға шыққан Абылайхан Жүсіпов (69 кг) пен Әбілхан Аманқұл (75 кг) өзбекстандық боксшыларға жол берді. Абылайханның бірінші раунд аяқталар тұста қабағы жарылып, алтын Бобо-Усмон Батуровқа бұйырса, Әбілхан мен Саиджамшит Жафаров арасындағы жекпе-жекте төрешілер өзбекстандықты үздік деп тапты.
Сонымен қатар Василий Левит (91 кг) үндістандық Санджиттен, Қамшыбек Қоңқабаев (91-ден жоғары салмақта) өзбекстандық Баходир Жалоловтан жіңілді.
Ерлер құрамасы бойынша жалпы көрсеткіш:
1. Өзбекстан құрамасы – 6 алтын, бір күміс, 3 қола.
2. Монғолия – 3 алтын, 2 қола.
3. Үндістан - 1-2-2.
4. Қазақстан - 0-5-1
5. Иран - 0-2-2.
6. Қырғыз Республикасы - 0-0-4.