Қазақстан құрамасы бокстан Азия чемпионатында 8 алтын жеңіп алды

Қазақстан құрамасы бокстан Азия чемпионатында 8 алтын жеңіп алды

Бүгін Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Дубайда өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы 8 алтын, бір күміс, бір қолаға қол жеткізді.

Ұлттық құрама сапынан алғаш болып рингке шыққан Алуа Балқыбекова өзбекстандық Гүласал Султоналиеваны жеңіп (4:1), 48 килограммға дейінгі салмақта топ жарды.

Ал 51 килограммға дейінгі салмақта Назым Қызайбай тартысты бәсекеде әлемнің 6 дүркін чемпионы, үндістандық Мэри Комнан (3:2) айласын асырды.

Осыдан кейін 2016 жылы әлем чемпионатында топ жарған Дина Жоламан (54 кг) өзбекстандық Ситор Шогдарованы жеңсе,  отандасымыз Владислава Кухта (57 кг) өзбекстандық Ситора Тұрдыбековаға (0:5) қауқар таныта алмады.

Келесі, 60 келі салмақтағы финалда қазақ былғары қолғап шебері Римма Волосенко Индонезия өкілі Хусватин Хасананды бірінші раунда-ақ нокдаунға түсіріп, сенімді жеңіске жетті.  

Жеңісті жолды 64 килода Милана Сафронова жалғады. 30 жастағы отандасымыз үндістандық Лалбуатсайхиден (3:2) бір бас жоғары екенін дәлелдеді.

Сонымен қатар Валентина Хальзова (69 кг) мен Фариза Шолтай (81 кг) ақтық сында қос өзбекстандық былғары қолғап шеберінен басым түсті. Алғашқысы НавбахорХамидованы, кейінгісі Сохиба Рузметованы тізе бүктірді.

Ал ең ауыр салмақта жұдырықтасқан Ләззат Күнгейбаева үндістандық Анупаманы төрешілер шешімі бойынша жеңді.

Жалғыз қоланы Марина Вольнова (75 кг) иеленді.

Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы 10 салмақтың 8-інде алтын алып, Азия рекордын жаңартты. Бұған дейінгі құрлықтағы үздік нәтиже Үндістан құрамасының еншісінде болған. Олар 2005 жылы Вьетнамда өткен чемпионатта 12 салмақтың 7-еуінде топ жарған. Ал Қазақстан құрамасының осыған дейінгі үздік нәтижесі 2010 жылы өз елімізде тіркелген (4 алтын).