
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Туризм және спорт министрі Азиз Абдухакимов бастаған делагация мен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов Түркістан қаласындағы тарихи ескерткіштер мен жаңадан салынған мәдени-әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты.
Әуелі екі елдің Үкімет мүшелері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасына жерленген хан, батыр, сұлтан, билер мен игі жақсылардың әруағына құран бағыштап, кесене ішіндегі тарихи қалпына келтірілген бөлмелерді көрді.
Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ортағасырлық кітапхана бөлмесі іске қосылған еді. Мұнда бұрынғыдай тарихи кітаптар орналастырылған. Кесенеге келушілер мешіт бөлмесіне қарама-қарсы орналасқан кітапхана бөлмесіне кіріп, кітап оқи алады. Айта кетейік, жуырда тайқазан орналасқан бөлмеде Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы есігінің жоғары тұсында тұратын ортағасырлық шырағдан тарихи орнына қайта орналастырылған еді.
Осыдан соң ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне барып, жұмыс барысы жайлы ақпарат алды. Ақтоты Райымқұлова мен Азиз Абдухакимов Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан, жергілікті жұрт «Яссы бағы» деп атап кеткен ботаникалық саябақты аралады. Қазір мұнда Германия мен Бельгиядан әкелінген көшеттер тез жерсініп, қала тұрғындары қыдыратын саялы орынға айналған. Жалпы аумағы 7,7 гектар болатын бақтың орталық бөлігі раушан гүлдерден және аршадан жасалған ислам ою-өрнектері бейнесіндегі үлкен лабиринтпен безендірілген. Саябақ ішінде раушан гүлдерден ислам паттерндеріне ұқсас гүлзарлар бар. Бұл жерге егілген мыңға жуық ағаштың 800-ден астамы шие, алма, талшын, долана, қызғалдақ ағашы сынды гүлдейтін сәнді өсімдік.
Бұдан бөлек, бүгінгі форум қатысушылары «Ұлы дала елі» мәдени кешеніне барды. Атырау облысының әкімдігі Түркістанға тарту еткен нысанда Қазақ хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты қамтитын 9 тарихи-заманауи зал бар. Биыл құрылысы аяқталған орталықтың жұмысын арнайы қонақтар жоғары бағалады.
Биыл Түркістанда пайдалануға берілген тағы бір маңызы зор нысанның бірі – «Сапар орталығы». Осы ғимаратта Ақтоты Райымқұлова мен Азиз Абдухакимов бастаған топ келген туристерге ұсынылатын маркетингтік ақпарат және аудиогид материалдарымен танысты. Жалпы аумағы 2092 шаршы метр орталықта 54 адам жұмыс істейді. Олар қалаға келген туристерге бағыт-бағдар беріп, қажетті материалдармен қамтып, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар делегаттар жуырда ашылған Қазақ хандығына арналған мемориалды аралады. Киіз үй пішіндес кешендегі 21 уыққа Жәнібек пен Керейден бастап Кенесары Қасымұлына дейінгі қазақтың 21 ханының есімі жазылған. Ал ортада тұрған 12 метрлік асатаяқтың түбінде төрт тау текенің мүсіні тұр.
Осыдан кейін Тұңғыш Президент саябағы мен «Фараб» әмбебап кітапханасын аралап шыққан Қазақстан мен Өзбекстанның Үкімет мүшелері Халықаралық туризм және меймандостық университетінде аялдады. Университет ректоры Майнұра Мырзамадиева мен Өзбекстан тарапы әріптестік жөніндегі екіжақты меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ тараптар Kонгресс холл қызметімен жақын танысып, нысанда өтіп жатқан суретшілер көрмесін тамашалады.