Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Ресей театр өнері институтының – ГИТИС ректоры Григорий Заславскийді қабылдады.
Сонымен қатар жүздесуге Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Айболат Жәудір, Мәдениет және спорт министрлігі Білім, ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Рауан Игенов қатысты.
Кездесу барысында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев пен Ресей театр өнері институты – ГИТИС-тің ректоры Григорий Заславский екіжақты ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Министр өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік қарым-қатынас әр салада жанданып жатқанын, мәдени-гуманитарлық байланыс екі халық арасын ежелден жалғайтын көпірге айналғанын, Қазақстан-Ресей мәдени байланысы тереңдігімен, маңыздылығымен ерекшеленетінін атап өтті.
«Қазіргі коронавирус пандемиясы кезіндегі дағдарысқа қарамастан еліміздегі барлық мәдениет ошағы қызметін тоқтатпай, онлайн форматқа тез икемделіп, жұмысын жалғастырып келе жатқанына тоқталып өткім келеді. Осы ретте екі ел арасындағы мәдени әріптестік те тоқтап қалмай, өтпелі қиындықтырды жұмыла еңсеріп жатыр.
Мәселен, былтыр қаңтарда «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Евгений Вахтангов атындағы Мемлекеттік академиялық театрдың гастролі өтсе, 9 наурызда Мәскеудегі «Мегаспорт» аренада еліміздің мақтанышы Димаш Құдайбергеннің Arnau концерті өтті. Ал биыл қаңтарда Қазақстан Республикасы Ресей Мәдениет министрлігі мен «Росконцерт» ұйымдастырған халықаралық мәдениет марафонына қатысты. Енді осы жылдың төртінші тоқсанында Қазақстан Республикасында Ресей Федерациясының Мәдениет күндерін өткізу жоспарланған.
Осы орайда мемлекеттер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ресей тарапы Орталық Азия елдерінің театр фестиваліне белсенді қатысып келе жатқаныын айта кеткім келеді. Екі елдің жетекші мәдениет мекемелері арасындағы әріптестіктің қарқын алып келе жатқаны қуантады. Мысалы, Қазақстан театрлары Ресей қалаларында өткізілетін Халықаралық театр фестивальдеріне, тиісінше Ресей театрлары Қазақстан қалаларында өткізілетін Халықаралық театр фестивальдеріне тұрақты қатысады.
Белгілі ресейлік театр режиссерлері, суретшілер, балетмейстерлер, хореографтар Қазақстан театрларына қойылымдарға шақырылып тұрады. Ал ГИТИС режиссерлік факультетінің түлегі, отандасымыз Жұманбай Жұлдызбек қазір еліміздің театрларында спектакльдер қойып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы 2016 жылдан бері Ресей театр өнері институты – ГИТИС-пен халықаралық ынтымақтастықты табысты жүзеге асырып келеді. Ынтымақтастық шеңберінде академияның ПОҚ үшін біліктілікті арттыру курстары жүзеге асырылады, академия студенттері жыл сайын ГИТИС базасында өткізілетін театр және би фестивальдеріне қатысады»,-деді.
Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова екі жақты мәдени әріптестікті нығайтуға септігін тигізетін ұсыныстарын ортаға салды.
«Біз Сіздерге мәдениет және өнер саласында (кинематография, музыка өнері, білім беру саласында) екі жақты негізде шеберлік сабақтарын өткізуді ұсынамыз. Сонымен қатар биыл күзде Сіздермен Қазақ ұлттық өнер университетінің Өнер факультеті мен театр факультетіне арналған «Сценография», «Қуыршақ театрындағы қоюшы суретші», «Театрдың қоюшы суретшісі», «Сахналық костюм бойынша суретші» мамандықтары бойынша тәжірибе алмасу мақсатында онлайн кездесу өткізсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар «Қазақ театры және кино тарихындағы ГИТИС түлектері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастыруды, Сіздердің педагогтарыңыз бен магистранттарыңызды тағылымдамадан өткізуді ұсынамыз. Тағы ГИТИС баспасынан шығатын «Театр. Кескіндеме. Кино. Музыка» альмонахымен әріптестік орнатып, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессор, оқытушы, докторанттары мен магистранттарының жұмысын жариялап отыруға ниеттіміз»,-деп айтты.