
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасына дайындық барысын талқылау мақсатында бірлескен отырыс өткізді.
Кездесуде отандық олимпиадашыларды маңызды бәсекелерге дайындаудың соңғы кезеңіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Бүгінгі таңда спортшыларымыздың еншісінде 24 спорт түрінен 60 жолдама бар.
«Қазір әлем алапат індетпен арпалысып жатқанда Олимпиада өткізудің қаншалықты жауапты екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Атлеттеріміздің амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету біз үшін кезек күттірмейтін жұмыс. Делегацияны Олимпиада өтетін қалаға жеткізу, материалдық-техникалық жабдықталуы пандемия басталмай тұрып та осыған дейін де маңызды мәселе болып келген.
Біздің міндетіміз – дода басталмай тұрып, барлық спортшымызды Токиодағы Олимпиада ауылына аман-есен жеткізіп, төрт жылдықтың басты бәсекесі аяқталысымен олардың елге дәл солай аман-есен жеткізу. Токио Олимпиадасын ұйымдастыру комитеті мен біздің тараптың негізгі басымдығы әрдайым спортшылардың және ойындарға қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді.
Ұйымдастыру комитеті Қазақстанмен қатар өзге де қатысушы елдерге қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты бірқатар талап қойып отыр. Өз кезегінде біз спортшыларымызды сақтандыру үшін бар жағдайды жасауға дайынбыз. Қазір Ұлттық Олимпиада комитеті Қазақстанның ұлттық федерацияларымен бірлесіп, Олимпиада құрамасын алдағы бәсекеге дайындау жұмысын жүйелі жүргізіп жатыр. Токиодағы ойындардың сәтті өтуі жалпы Олимпиада ғана емес, сонымен қатар әлемдік тарихқа алтын әріппен жазылатыны күмәнсіз»,-деді Ақтоты Райымқұлова.
Спортшыларды вакцинациялау күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Вакцинация биыл наурызда басталып, қазіргі арнайы кесте бойынша ерікті түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда COVID-19-ға қарсы вакцинаны Олимпиада жолдамасын иеленген спортшылардың шамамен 60%-ы, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелерінен 150-ден астам спортшы салдырды.
Қазақстан ҰОК Токиоға баратын атлеттерге вакцина егуді маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ҰОК-тың мақсаты екенін атап өтті.
«Біз Олимпиадаға дайындықтың соңғы кезеңіне кірісеміз. Спортшыларымыздың қарбалас күнтізбесі оқу-жаттығу жиындары мен жарыстар арасында үзіліс жасауға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар қазіргі кезде олимпиадалық спорт түрлері бойынша 22 құрама шетелде оқу-жаттығу жиынында және жарыстарда. Қалғандары еліміздегі базаларда жаттығып жатыр. Іріктеу сындары маусым бойы өтеді. Былтыр Олимпиаданың кейінге шегерілгені спортшыларымызға әсер етпей қойған жоқ. Сондай-ақ, біздің бүгінгі міндетіміз - Олимпиадаға дейін екі айдан аз уақыт қалғанда делегацияның кетуі мен келуін үйлестіру жұмысынан басқа, Қазақстан командасының мүшелерін олардың өміріндегі маңызды жарыстар алдында барынша жайлы жағдайлармен қамтамасыз ету», - деді Бас хатшысы.
Сонымен қатар кездесуде «плейбуктың» жаңа нұсқасы - барлық делегация мүшелері үшін Олимпиада кезіндегі ережелер жиынтығы таныстырылды. Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Олимпиада комитеті олимпия ойындарының ұйымдастыру комитетімен бірге сәуір айының соңында «плэйбуктың» екінші басылымын шығарған еді. Ойынның қауіпсіз өтуі үшін Олимпиадаға қатысушылардың барлығына қосымша және тіпті қатаң шектеу шараларын ұйымдастыру, Жапонияға келер алдындағы екі апталық карантин, ПТР сынамасы, тек олимпиадалық ауыл мен спорт нысандары арасындағы қозғалыс, туристік немесе басқа олимпиадалық емес орындарға баруға тыйым салу, қоғамдық көліктерге тыйым салу және арнайы тағайындалған COVID офицеріне күнделікті есеп беру туралы ақпарат көрсетілген.
Жиынға қатысушылар Жапония астанасына Қазақстан спортшылары киіп баратын арнайы спорттық киім үлгісімен танысты. Спорт киімінің көпшілікке арналған таныстырылымы шілденің басында өтеді деп жоспарланған.