Жамбыл атындағы филармония «Әрқашан күн сөнбесін» концерті мен «Апамның ертегілері» қайырымдылық жобасын ұсынады

Жамбыл атындағы филармония «Әрқашан күн сөнбесін» концерті мен «Апамның ертегілері» қайырымдылық жобасын ұсынады

1 маусым күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы балаларды қорғау күніне орай Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының «Әрқашан күн сөнбесін» концерті мен «Апамның ертегілері» қайырымдылық жобасын ұсынады.

Жас көрермендер сағат 14:30-да «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрінің орындауында Нұрғиса Тілендиев күйлерімен «Апамның ертегілері» әлеміне саяхат жасап,  «Домбыра туралы» аңыздың желісі бойынша ертегі-концерттің премьерасын тамашалайды.

Қазақ халқының ауызша әдебиеті мен ұлттық аспаптық музыка мәдениеті үйлесім тапқан бұл іс-шара барысында балалар «Таң» қайырымдылық қоры орнатқан Led экрандағы бейнелер арқылы ертегі сюжетінің ғажайып көріністеріне куә болады. Сонымен қатар викторина өткізіліп, демеушіміз «Тай-Тай» компаниясы ұсынған арнайы сыйлықтарға ие болады.

«Отырар сазы» оркестрінің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі -  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Дінзухра Тілендиева, дирижері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Мүслім Әмзе.

«Апамның ертегілері» жобасының авторы – Айнұр Тәжібаева. Ертегіні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса және әнші Ажаркүл Тәжібай оқиды. Ал жоба аясында Азамат Бақия арнайы жасаған «Ортеке» қуыршақтар қойылымы көрсетіледі. 

Сонымен қатар ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру бойынша ұйымдастырылған «Хор вокалы» үйірмесінің қатысушылары, яғни, білікті сахна саңлақтарынан сабақ алып, арнайы дайындықтан өткен дарынды балалар 1 маусым сағат 19:00-де өтетін «Әрқашан күн сөнбесін» концертінде алғаш рет үлкен сахнада кәсіби мамандармен бірге ән шырқап, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласымен бірге өнер көрсетеді. Көркемдік жетекшісі әрі бас дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов.

Филармония ұжымы бұл бастама арқылы балаларға халық әндерін үйретумен қатар, оларды хор жанрының қыр-сырымен жан-жақты таныстырып, жастардың мәдениет пен өнерге деген ынтасын оятуды, рухани дамуына ықпал етуді көздейді. Бұл үйірмеге дауыс ерекшелігіне қарай әр түрлі топ бойынша 7-14 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын тауып, музыкаға талабы бар балаларды кәсіби сахнаға дайындауды жалғастырады деп жоспарлануда.

 

МАҢЫЗДЫ‼! Филармонияға кірерде, карантин шараларын қатаң сақтап, Ashyq қосымшасын пайдаланудың негізгі қағидаларын білуіңіз керек. БАҚ өкілдері алдын ала тіркелуі керек!!!

Байланыс: +7 7028098007

E-mail: fil.almaty@gmail.com