«Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және Марат Хасанаевтың мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді

«Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және Марат Хасанаевтың мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді

2021 жылдың 20 мамырында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ тарихшы-архивтанушы, қоғам қайраткері, 1980-1994 және 2000-2002 жылдардағы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің директоры, 1994-1996 жылдардағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Бас архив басқармасының басшысы Марат Жақсыбайұлы Хасанаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және Марат Хасанаевтың мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізеді.

Марат Жақсыбайұлы Хасанаев 1946 жылы 20 мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қоғамшыл ауылында дүниеге келген. Ол 1963 жылы Дегерес орта мектебін алтын медальмен бітіріп, В.И. Ленин (қазіргі Қ.И.Сәтбаев) атындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне оқуға түседі. 1966-1969 жылдары әскер қатарында қызмет етеді. 1969 жылы Москва мемлекеттік тарихи-архив институтына түсіп, оны 1974 жылы үздік бітірген. М. Хасанаев 1974-1979 жылдары Орталық мемлекеттік архивте ғылыми қызметкер, инспектор, аға инспектор болса, 1980-1994 жылдары архив директоры болып істеген кәсіби маман 1994-1997 жылдары ҚР Министрлер Кабинетінің жанындағы Бас мұрағат басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. М. Хасанаев Тәуелсіз Қазақстанның мұрағаттық заңнамасының қалыптасу бастауында тұрды және «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» ҚР Заңының авторларының бірі. Оған мұрағаттық құқықтың негізгі іргелі негіздерін енгізді. Осы кезеңде жабық жатқан көптеген қор ашылып, тарихшылардың назарына ұсынылды. Ұлттық архив қорын қалыптастыру мен сақтау, оларды есепке алу мен тексеру, қор құжаттарын пайдалану мен ғылыми тұрғыдан жариялау үрдісі қалыптасты. 1997-1999 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде аға оқытушы, 1999-2001 жылдар аралығында «Қазақстан-Сорос» қорында сарапшы, Қазақстанның ерікті тарихи-ағарту «Әділет» және құқық қорғау қоғамы басқармасының мүшесі болған. Ол 2000 жылы ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры қызметіне қайта тағайындалып, оны 2002 жылдың қаңтарына дейін атқарған.

М. Хасанаев – Қазақстан тарихының сан қырлы тақырыптары бойынша, архив ісінің мәселелеріне қатысты 200-ге жуық ғылыми еңбектің, мақалалар мен баяндамалардың авторы; «Культурное строительство в Казахстане (1933-1941 гг.)», «Архивное строительство в Казахской ССР (1918-1980 гг.)» атты және т.б. 20-дан аса архив құжаттары мен материалдары жинақтарының құрастырушысы.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде М. Хасанаевтың 415 сақтау бірлігінен тұратын жеке архиві сақталған. Жеке архив құжаттары 1935-2004 жылдар аралығын қамтитын қолжазбалардан, өмірбаяндық пен қызметтік құжаттардан, хаттар, мақалалар, сөйлеген сөздері, пікірлері және фотосуреттерден тұрады.

Конференция қарсаңында Орталық мемлекеттік архивінде М. Хасанаевтың жеке архив құжаттарынан көрме ұйымдастырылады.

Конференция жұмысының негізгі бағыттары:

- Архивтанушы Марат Хасанаев және тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің қалыптасуы мен дамуы;

- Марат Хасанаевтың Қазақстанның ерікті тарихи-ағарту «Әділет» және құқық қорғау қоғамындағы қызметі;

- Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және оны шешу жолдары;

- Тәуелсіз Қазақстандағы архив құжаттарын ғылыми жариялау және пайдалану мәселелері;

- Қазақстандағы архив құжаттарын қалпына келтіру және цифрландыру мәселелері;

- Қазақстандағы ұлттық архив қорын толықтыру және заңды тұлғалармен жұмыс барысының өзекті мәселелері;

- Қазақстандағы жеке тектік және тарихи-құжаттық коллекцияларды қалыптастыру барысындағы өзекті мәселелер.

Конференцияның өтетін орны: Алматы қ., Абай даңғылы, 39, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік архив» РММ конференц-залы

Басталуы сағат 11:00.

Zoom арқылы конференцияға қосылу:

https://us02web.zoom.us/j/7612641980?pwd=cVBJVnZnejdDTXhUVnBxT1BKalVIdz09

Конференция идентификаторы: 761 264 1980

Қосылу коды: 123456