Бүгін еліміздің мəдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күніне орай Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мəдениет және өнер саласы қызметкерлерін марапаттады.
Министр өз сөзінде отандық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкеріне алғыс айта отырып, атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.
«Мәдениет пен өнер саласындағы мәртебелі мамандық иелерінің атқарар жұмысы, халық назарына ұсынар жаңалығы да мол. Еліміздегі індетке қарамастан мәдениет және өнер қызметкерлері ерекше қызмет етіп келеді.
Министрліктің барлық қызметі Мемлекет басшысының Жолдауларына, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларына, Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасына, саланың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына негізделген.
Баршаңызға белгілі, былтыр ерекше мән мерейтойлық іс-шараларды өткізуге беріледі. Өткен жылы Ұлы Абай Құнанбайұлының 175, Әл-Фарабидің 1 150 және Алтын Орданың («Ұлық ұлыс») 750 жылдығы сәтті өтті.
Бүгінгі біздің кездесуіміз еліміздің ең басты ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жылы өтіп жатқанына қуаныштымын.
Сонымен қатар биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына бастау берілді. Сондай-ақ, Қазақстанның Халық Қаһарманы Еркеғали Рахмадиевтің 90, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85, КСРО-ның Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жылдығын ұйымдастыру мен өткізу жоспарланған.
Мерейтойлық іс-шаралардың тұжырымдамалық күн тәртібі идеологиялық және ағартушылық мазмұнға толы, сондай-ақ идеологиялық-мазмұндық және сапалы іс-шараларды өткізуге негізделген»,-дей келе өткен жыл нәтижелі болып, сала қызметкерлері жоғары жетістіктерге қол жеткізгенін айтты.