
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында белгілі журналист, спорт тарихшысы, Баубек Бұлқышев атындағы сыйлықтың иегері Қыдырбек Рысбектің «Қазақтың 72 бапкері» кітабының тұсаукесері өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, белгілі спортшылар, бапкерлер, қоғам қайраткерлері мен спорт журналистері қатысты. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова авторды аталған көлемді жинақтың жарық көруімен құттықтады.
«Құрметті Қыдырбек Рысбекұлы!
Сізді бүгінгі «Қазақтың 72 бапкері» атты кітабыңыздың тұсаукесерімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз қалам сертін қалтқысыз атқарып, Ұлы Дала елі өрендерін спорт əлемінің беймəлім тұстарымен таныстырып келе жатқан спорт тарихшысы, танымал қаламгерсіз. Кəсіби қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған ардақты азамат Сейдахмет Бердіқұловтың бешпентінен өрген жүйріктің бірі ретінде ұзақ жылдан бері тереңнен қаузап, жан-жақты зерттеп, ұңғыл-шұңғылын қопарып жазған материалдарыңызбен көпшіліктің, адал жүрек жанкүйердің құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп келесіз. «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат» атты кітаппен қатар «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары», «Қазақ олимпиадашылары» атты деректі жинақ арқылы ел спорты тарихын түгендеуге сүбелі үлес қосып жатырсыз.
Алдағы уақытта да таңдаулы 120 бапкер мен олардың шәкірттері туралы сыр шертетін «Қазақтың 72 бапкері» кітабы талғампаз оқырманның кітап сөресінен ойып тұрып орын алуына, оқыған жанның жігерін тасытып, білікті бапкерлер шоғырын қалыптастыруына тілектеспін.
Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!»,-деп жазылған министрдің құттықтау хатында.
Айта кетейік, «Қазақтың 72 бапкері» XX, XXI ғасырдағы отандық таңдаулы 120 бапкер мен олардың 500-ден астам шәкірті туралы деректер мен материалдар топтастырылған алғашқы жинақ. Бұдан бөлек, Қыдырбек Рысбек «Қазақ боксшылары», «Қазақ балуандары», «Қазақ олимпиадашылары» атты жинақтың идея авторы әрі құрастырушысы. «Дәулет», «Сұрмерген», «Бекзат» хикаяттарының авторы.