
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тақырыбында өткен баспасөз конференциясына қатысты.
Вице-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары Министрліктің алдына ел тұрғындарын, оның ішінде балаларды бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, спорт секцияларын ашу және үйірмелер қызметін қайта жандандыру міндетін қойғанын айтты.
«Осы орайда Заң бойынша жаңа мемлекеттік тапсырыс институтын енгізу арқылы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды көздейтін нормалар қамтылды.
Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен келесі құқықтық актілер бекітіліп, қабылданды:
Жалпы бұл қағидаларда мемлекеттік шығармашылық және спорт тапсырыстарының жүзеге асуына қатысы бар 3 жақтың да мүддесі ескерілген. Олар: мемлекеттік тапсырысты орналастыратын - жергілікті атқарушы орган (оператор); мемлекеттік тапсырысты орындаушы - өнім беруші; бала мен оның заңды өкілі.
Мемлекеттік шығармашылық және спорт тапсырысы 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолданылады.
Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес шығармашылық үйірменің 59 түрі қарастырылған. Әр баланың қызығушылығына қарай тапсырыс аясындағы екі үйірмеге тегін қатысуға құқығы бар»,-деді.
Сонымен қатар Нұрғиса Дәуешов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен edu.kz бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасының негізінде әзірленген, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру жүзеге асатын artsport.edu.kz сайты мен жүйенің қалай жұмыс істейтініне тоқталып өтті.
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерге тапсырысты орналастыру оператордың, яғни жергілікті атқарушы органның тиісті жылға арналған бюджетінде көзделген қаражат көлемінде өнім берушілер арасында жүзеге асырылады.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысу үшін өнім беруші операторға цифрландыру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы тиісті құжаттарды бере отырып, бекітлген қағидалардағы нысан бойынша өтініш береді.
Өтініш беру оператордың ақпараттық жүйесінде орналастырылатын және мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысатын тараптардың өзара қарым-қатынастарын реттейтін оператордың жария офертасына өнім берушінің акцептімен сүйемелденеді.
Оператор ақпараттық жүйе арқылы баланың заңды өкіліне шығармашылық үйірмеге қабылдау үшін электронды ваучер бере отырып, бос орындарды балалар арасында олардың кезектілігіне сәйкес бөледі.
Шығармашылық үйірмеге қабылдануға ваучер алу үшін баланың заңды өкілі кезекке тұру үшін электронды өтініш береді. Оператор шығармашылық үйірмеге қабылдау кезегін электронды түрде ақпараттық жүйеде жүргізеді. Кезек өнім берушінің әрбір шығармашылық үйірмесіне жеке қалыптастырылады және балалардың заңды өкілдері берген өтініштерден тұрады. Кезектегі жайғасым балалардың кезектен шығуы себебінен кему жағына және өнім беруші ваучерлерін жойған балалардың кезекке оралуы себебінен өсу жағына қарай жылжиды. Сонымен қатар кезекте орын ауыстыруға жол берілмейді. Орындарды бөлу және ваучерлерді беру күн сайын ақпараттық жүйемен автоматты түрде жүзеге асырылады.
Шығармашылық үйірмелердің жұмыс істеуі мыналарды қамтиды - сабақтар өткізу үшін үй-жайға қойылатын талаптар; балаларды есептеу, есепке алу және дамыту.
Сабақтар өткізу үшін үй-жайға қойылатын талаптар да бар. Ол сабақ өткізуге арналған таза үй-жай және жұмыс істеуге ыңғайлы жағдай.
Бала немесе оның заңды өкілі ақпараттық жүйеде тіркелген өнім берушілер арасында шығармашылық үйірмелерін қарастыру арқылы (талаптарына байланысты), лайықты үйірмені өздері таңдайды.
Ваучерде көрсетілген өнім беруші мен баланың заңды өкілі арасында ваучердің қолданылу мерзімі ішінде баланы шығармашылық үйірмеге қабылдауға шарт жасалады. Өнім беруші күнтізбелік жылға арналған жұмыс жоспарын істейді және онымен әрбір баланың заңды өкілін таныстырады.
Үйірмелерге қатысуға байланысты барлық шығын жергілікті бюджет қаражатынан төленеді және мемлекеттік тапсырыс операторының функциялары жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі»,-деді.
Сондай-ақ вице-министр мемлекеттік шығармашылық және спорт тапсырыстарын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржы талап етпейтінін атап өтті.
«Себебі, жан басына нормативтік қаржыландыру жергілікті билік органдарының спорт пен мәдениетке арналған қолда бар бюджеттерін тиімді жұмсау және қайта бөлу арқылы жүзеге асады. Биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органдары есебінен 2.6 млрд теңге қарастырылған. Соның негізінде республика бойынша 25.6 мың баланы немесе еліміздегі 4 пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 0.6 пайызын шығармашылық үйірмелермен қамту көзделген. Жалпы жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат көзі жыл сайын артып отырады. Соның негізінде шығармашылық үйірмелермен қамтылған балалардың саны да ұлғаятын болады. Бастысы, балалардың бос уақытын пайдалы, әрі тиімді өткізуге, олардың шығармашылық өсуіне бағытталған бұл жұмыстың нәтижесінде, балалар мен жас өспірімдерге арналған мәдениет пен өнердің түрлі бағыты бойынша шығармашылық үйірмелер тегін жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдарға шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыруға жол ашылады. Республика көлемінде шығармашылық үйірмелердің саны артады. Мемлекеттік мәдениет ұйымдарына шығармашылық үйірмелерді ашуға құқық беріледі»,-деп баяндамасын аяқтады.