Cпорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тақырыбында баспасөз конференциясы өтті

Cпорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тақырыбында баспасөз конференциясы өтті

Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыру тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Бұл саладағы атқарылып жатқан жұмыс жайлы спикерлер – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі  Ерлан Қожағапанов пен Нұрғиса Дәуешов баяндады.

Ерлан Қожағапанов Мемлекет басшысы қол қойған Заң аясында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына нормативтік қаржыландыру тетігі енгізілгенін, бұл бағытта Мәдениет және спорт министрлігі атқарған жұмыс жайлы айтты.

«Министрлік спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру бойынша 8 нормативтік-құқықтық акті қабылдады. 

Балалар үйірмелері мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыруды іске қосу мақсатында Soft Deco ЖШС Bala ақпараттық жүйесін әзірлеп, 29 сәуірден бастап республиканың бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Ақпараттық жүйеге artsport.edu.kz мына сілтеме арқылы кіруге болады.

Бүгінгі көрсеткішке сенсек, жүйеде 220-дан астам өнім беруші тіркелген. Қазір ақпараттық жүйеде оператордың APM және жеткізушінің APM сияқты негізгі функционалдары іске асырылған, сонымен қатар ата-ананың APM және жаттықтырушының АЖО функционалдарын жетілдіру бойынша жұмыс жүріп жатыр. Мемлекеттік тапсырысты іске асыруға секциялар мен үйірмелерді жан басына қаржыландыруды жүзеге асыратын барлық өңір қатысады»,-деді.

Осыдан соң республикалық бюджеттік комиссия мемлекеттік тапсырысты қаржыландыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді мақұлдағанын жеткізді.

«Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдармен жан басына қаржыландыруды жүзеге асыру қарастырылған. Спорт саласы бойынша 40 539 бала мен жасөспірімге 5 041,0 млн. теңге, мәдениет саласы бойынша 24 521 балаға 2 518,8 млн.теңге бөлінді.  

Жалпы қазір республика бойынша балалар мен жасөспірімдердің 37,5%-ы (1,5 млн бала мен жасөспірім) спорт секцияларна барады. Олардың 370 мыңы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі, 190 мыңға жуығы балалар-жасөспірімдер клубы мен балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубындағы, 965 мыңы жалпы білім беру мекемелерінің жанындағы секцияларға барады. Ал білім және мәдениет ұйымдарында 4 пен 18 жас аралығындағы 1 млн, 360 721 бала шығармашылық үйірмемен қамтамасыз етілген (жалпы елімізде бұл жас аралығындағы барлық бала саны - 4 079 044)»,-деп айтты Ерлан Қожағапанов.