
Бүгін халықаралық музей күніне орай Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының алдына ортағасырлық аспалы шырағдан орнатылды.
XVI ғасырда ілінген аспалы шырағдан 1993-1999 жылдары кесенеде жүргізілген жөндеу жұмысы кезiнде төмен түсiрiлiп, оны жан-жақты зерттеп, талдауға мүмкiндiк туған. Оған дейін оны ешқандай зерттеушiлер, не кесененiң дiни қызметшiлерi орнынан қозғамаған.
Шырағданның түр-тұрпаты құмыра тәрiздi. Бүйiрiндегi үш жерiнен (асып) iлiп қоюға арналған шынжырлар бекiтiлген, iлмегi бар. Iлмек - қазандық бөлмесiнiң Қақпа есiгiнiң балғашаларындағы жануар бейнесiн (барыс) қайталайды. Осы үш шынжыр жоғары көтерiлiп бiр дөңгелек метал пластинаға бекiтiлгенде ары қарай ойық ұшына iлiнетiн iлмекпен аяқталады.
Сонымен қатар бүйiрiнiң бiр шетiнде өрнектеп парсы тiлiнде жазылған тарихи жазулар бар. Бұл жазудың аудармасы: «Әулиелердің сұлтаны, тақуалардың дәлелі, Қожа Ахмет Ясауи. Бұл аспалы шырақты Хажжаж ибн Уаққас Сайрами арнайы Сұлтанның [Қожа Ахмет Ясауи] кесенесіне уақф ретінде сыйға тартты».
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі әрбір бөлменің өзіндік тарихи қызметін жаңғырту жұмысын жүргізіп жатыр. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Халықаралық музей күніне орай қорық-музей қорындағы ХVІ ғасырға тән құнды да түпнұсқа жәдiгердің бiрі аспалы шырағданды тарихи тұғырына орнатып отырмыз. Шырағдан кезiнде қазандық бөлмесiнiң солтүстiк ойығы астында, Қабырханаға кiре берiстегi арканың ұшында iлулi тұрған»,- деді қорық-музей директоры Н.Ахметжанов.