
Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Көкшетау қаласында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасындағы «Рухани қазына – 2021» фестивалінің салтанатты ашылуы рəсіміне қатысты.
Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдан бері тұрақты түрде 21 мамыр - мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай республикалық «Рухани қазына» фестивалін ұйымдастырып келеді. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері арасындағы «Рухани қазына-2021» республикалық фестивалі биыл алғаш рет Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сынды тұлғалар шыққан киелі Көкше өңірінде өтіп жатыр.
Ақтоты Райымқұлова ашылу рәсімі кезінде Министрлік былтыр жəне биыл байқаудың онлайн режимде өткенін ескере отырып, номинациялар санын арттырғанын атап өтті.
«2018-2019 жылы байқау 20 номинация бойынша өтсе, былтырдан бастап номинация саны – 51-ге артты. Қазіргі жаһандану заманында рухани құндылықтардың маңызы мен мәні бұрынғыдан да арта түсті. Бүкіл әлем заманауи нано-технологиялардың тілін меңгеріп жатыр. Біздің ел де бұл үрдістен қалыс қалып жатқан жоқ. Өз кезегінде мұндай жаңа үрдістен мәдениет пен өнер саласы да тыс қалмауға тиіс. Себебі, рухани азықтың қайнар бұлағы білім мен әдебиетте, өнер мен мәдениетте. Дәл осы мақсатпен өткізілетін бұл фестиваль нәтижесі жаман емес. Жыл өткен сайын қатысушылардың белсенділігі мен қызығушылығы артып келеді. Мəселен, биыл фестивальге еліміздің 15 өңірінен 313 өтініш келіп түсті»,-деді министр.
Осыдан кейін Ақтоты Райымқұлова Мəдениет жəне спорт министрлігі 2021-ді «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялағанын жəне биылғы байқаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
«Биыл байқау аясында кітапхана қызметіне басымдық беріліп, арнайы номинациялар қосылды. Нәтижесінде отандық балалар әдебиетінің өкілдеріне, кітапхана ісі мамандары мен үздік әдебиет және өнер музейлеріне арнайы жүлделер мен Мұқағали Мақатаев, Жамбыл Жабаев, Әлихан Бөкейханұлы, Ыбырай Алтынсарин, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы номинация тағайындалды. Бұдан басқа жеңімпаздарды ынталандыратын қаржылай жүлде жеткілікті.
Бұдан бөлек, осы жылы фестиваль тарихында алғаш рет бірқатар іс-шара көшпелі түрде Көкше өңірінде өтеді деп шешім қабылданды. Ұйымдастырушылар комитетінің шешімімен алғаш рет «Қазақстанның мәдени астанасы» анықталды.
Сонымен қатар Көкше өңіріндегі алдағы үш күн еліміздің түкпір-түкпірінен келген мәдениет жанашырлары бас қосып, тәжірибе алмасатын пікір алаңына айналады. Ресей театрлар қауымдастығының мүшесі, коуч-тренер Е.Н. Карпанина және Ғалия Файзуллина, Əсемгүл Темірханова сынды бірқатар отандық сарапшы шеберлік сыныптарын, өңіраралық тәжірибе алмасу іс-шараларын өткізеді»,-деді.