
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бұқаралық спортты дамыту бойынша Парламент Мәжілісінің пленарлы отырысында баяндама жасады.
Әуелі вице-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығына тоқталғанын, Министрлік осы мақсаттағы стратегиялық жоспарға сәйкес бұқаралық спортты одан әрі дамыту бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша халықтың 31,6%-ы дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Бұл еліміздің 5,9 млн. азаматы деген сөз. Сонымен қатар былтыр салауатты өмір салтын насихаттау аясында республика бойынша 1,5 млн. астам адам жиналған 21 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өтті.
Бұқаралық спортты дамыту бағытының бірі - мектеп пен жоғары оқу орындары. Жалпы білім беретін мектептерде спорт түрлері бойынша спорт секцияларының желісі кеңейтіліп жатыр. Мектеп спортын дамытудың оң мысалы ретінде «Ұшқыр доп» (гандбол), «Теңбіл доп» (футзал), «Былғары доп» (футбол), «Шұбар доп» (волейбол), «Алтын доп» (баскетбол) сынды жобаны айтуға болады. Оларға жыл сайын Қазақстанның түрлі өңірлерінен 40 мыңнан астам оқушы қатысады.
Сондай-ақ, жергілікті деңгейде 188,9 мың бала мен жасөспірімді қамтитын 602 балалар мен жасөспірімдер клубы (БЖК), 119 балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру-сауықтыру клубы (БЖДШСК) жұмыс істейді.
Бұқаралық спорттың дамуына спорт нұсқаушылары үлкен үлес қосуда. Бүгінгі таңда республикада тұрғылықты жері бойынша 3 мыңнан астам спорт нұсқаушы жұмыс істейді. Оның 1 200-ге жуығы ауылды жерде.
Еңбек ұжымдарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастыру мәселелері үлкен маңызға ие. Бүгінгі күні дене шынықтыру ұжымдарының саны - 21 334. Дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 130 мыңнан астам спорт секциясы құрылды (ауылды жерде 66 007). Бұл секциялардағы сабаққа 5,3 млн. адам қатысады»,-деді.
Осыдан кейін Ерлан Қожағапанов спорт саласын тұрақты дамыту үшін инфрақұрылымға жете көңіл бөлу керек екенін атап, осы бағыттағы атқарылған жұмысқа тоқталды.
«Қазір елімізде 41 352 спорт ғимараты жұмыс істейді (ауылда - 23 693). Өңірлерде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның 13-і 2019 жылы пайдалануға берілсе, былтыр 14 кешеннің құрылысы аяқталды. Осы 14-тің 7-еуі «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша тұрғызылды. Алдағы уақытта тағы 10 нысанның құрылысы аяқталады.
Пандемия кезінде мемлекет әлеуметтік қолдау шараларын және республикалық спорт ұйымдарын қаржыландыруды тоқтатқан жоқ. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Енді ол 2023 жылға дейін жыл сайын 25%-ға өсіп отырады.
Сонымен қоса, мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорт сабақтарын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерде қосымша ақы белгілеу туралы мәселе шешімін тапты»,-деп айтты.
Сонымен қатар вице-министр «Кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру, халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтыру және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға бағытталған қаржы құралдарын қайта бағдарлау» (ЖҰЖ-ның 74-тармағы) бойынша іске асырылып жатқан шараларды атады. Осыған байланысты Министрлік дайындаған тәсілдерге тоқталды.
«Бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор есебінен спортшының ең жоғары рұқсат етілген жалақы мөлшері 2 млн. теңгеден аспайтын мөлшерде айқындалды;
Кәсіби спорт клубтарын ұстауға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сектордан бөлінетін қаржының ең жоғарғы мөлшері белгіленді;
- футбол және шайбалы хоккей үшін 1,2 млрд. теңгеден артық емес;
- қалған ойын түрлері үшін 450 млн.теңгеден артық емес.
Осылайша, 98 клубты қаржыландырудың жалпы мөлшері 38,7 млрд. теңгені құрайды. Алдын ала есептеу бойынша 16 млрд. теңге үнемделеді.
Осы шараларды іске асыру қорытындысы бойынша үнемделген қаражат бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталады»,-деді.
Тағы былтыр 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның негізгі бағыттары жайлы баяндады.
«Заңның негізгі бағыттары БЖДДК және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлер желісін кеңейтуге, халықпен жұмыс істейтін штаттағы спорт нұсқаушыларын қамтамасыз етуге, спорт медицинасы мен адаптивті дене шынықтыру саласындағы мамандарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру үшін жағдай жасауға, мемлекеттік спорт тапсырыстың жан басына шаққандағы қаржыландыру түрлері мен көріністеріне, ведомстволық бағыныстылығына, басқару меншігі формасына қарамастан жеткізушілерде оларды орналастыру.
Сонымен қатар Заң аясында қазақ күресі, тоғызұмалақ, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерін білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабағына енгізу жоспарланған.
Биыл 27 сәуірде мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыс арқылы спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру бойынша нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеуден өтті.
Ал 1 мамырдан бастап барлық өңір қатысатын мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыс тетігі жан басына қаржыландыру платформасы арқылы мына мекенжай бойынша іске асырылады: http://artsport.edu.kz.
Осы нормаларды қабылдау бұқаралық спортты, оның ішінде балалар спортын дамытуға оң әсерін тигізеді деп санаймын
Сондай-ақ былтыр 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №242 қаулысына сәйкес, дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл жоспарға сәйкес білім беру мекемелерінде қосымша спорт секцияларын ашу, мектеп және студенттік спорт лигаларын құру, мектептерді спорт жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған»,-деп баяндамасын аяқтады.