
Жыл сайынғы «Музей түні» акциясы COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты эпидемиологиялық жағдайға сәйкес онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Қазақстандық музейлерде Халықаралық музей күніне орайластырылған онлайн-акция 18 мамырға белгіленген.
Халықаралық музей күніне орайластырылған «Музей түні» акциясын Қазақстанда алғаш рет 2006 жылы Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі ұйымдастырды.
Бүгінде бұл акция еліміздің барлық музейлерінде белсенді түрде жүзеге асырылып отыр.
Жыл сайын 18 мамырда музейлер толыққанды мерекелік бағдарлама ұйымдастырады, оның негізгі іс-шараларының өткізілуі кешкі сағат 18:00-ден кейін жоспарланып отыр. Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта өтеді.
Республикалық музейлер мен музей-қорықтардың, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары музейлерінің іс-шараларына сілтемелер Министрліктің сайтында жарияланады.
«Музей түні» акциясының негізгі мақсаты Қазақстан музейлеріндегі материалдық және материалдық емес мұраны насихаттау және көпшілікке тарату, музейлердің мүмкіндіктерін кеңейту және жаңа келушілерді тарту болып табылады.
Акция аясында көрермендер онлайн экскурсияларды, виртуалды турларды тамашалап, семинарларға, дәрістерге, шеберлік-сағаттарына және арнайы байқауларға қатыса алады.
18 мамыр күні көптеген музейлерге кіру тегін екенін атап өтеміз. Музейлерге кіру билеттерінің құны мен жұмыс кестесі туралы қосымша ақпаратты тікелей музейлерде немесе олардың ресми интернет-ресурстарында нақтылау қажет.