Атырауда V Жастар ойындары аясында бокс бәсекесі басталды

Атырауда V Жастар ойындары аясында бокс бәсекесі басталды

Бүгін Атырау қаласында Қазақстан Республикасының V жастар ойындары аясында бокс бәсекесі басталды. 23 мамырға дейін созылатын былғары қолғап шеберлерінің додасы «Атырау» спорт кешенінде өтеді.

Ашылу рәсіміне Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова, Атырау облысы бокс федерациясының Президенті Шухрат Данбай, бокстан Әлем Кубогының күміс жүлдегері (1983), Еуропа чемпионы (1983) Серік Нұрқазов, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, ҚР Дене шынықтыру және спорт қайраткері Болат Теміров, «Бейбарыс» хоккей клубының Президенті Болат Бушанов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы жастар командасының бас бапкері Қайрат Сатжанов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы қыздар командасының аға бапкері Елдос Сайдаллин қатысты.

Сайыс 2003-2004 жылы туған еліміздің барлық өңірінен келген 370-тен астам ұл мен қыз арасында 11 салмақ дәрежесі бойынша өтіп жатыр.

Төрт жылда бір келетін ойындарға жақында ғана әлем чемпионатына қатысқан боксшылар да қатысып жатыр. Бәсеке Атырау бокс федерациясының ютуб арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетейік, V жастар ойындары 10 наурызда Шымкент қаласында басталған. Төрт жылда бір рет өткізілетін ойындардың жабылу рәсімі 1 тамызда Теміртау қаласында өтеді. Осы уақытқа дейін Шымкентте - көркем гимнастика, Павлодарда - еркін күрес пен әйелдер күресі, Ақтөбеде - суға жүзу, Алматыда - құзға өрмелеу спортынан сайыстар аяқталды. Ойындар бағдарламасында 36 жазғы олимпиадалық спорт түрі бар.