Ақтоты Райымқұлова: Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті

Ақтоты Райымқұлова: Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халық алдында есеп беру кездесуінде спорт саласында атқарылған жұмыстың жай-жапсарына тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар жайлы айтты.

«Биыл еліміздің ең басты мерекесі – қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы орайда әр іс-шара ұлттық мәдениетімізді ілгерілетуге, дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға, еліміздің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталады.

Барлық іс-шара жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуда. Бүгінде 300-ден астам материал жарық көрді. Мәдениет және өнер қайраткерлері мен белгілі спортшылардың қатысуымен 100-ден астам сұхбат жарық көрді.

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті. Оның шеңберінде 150-ден астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіліп, #МеніңТәуелсіздіккеқосқанүлесім акциясы мен «Менің жетістігім – менің елімнің жетістігі» челленджі іске қосылды.

Еліміздің атақты спортшылары туралы «Спорттағы 30 атақты есім» жобасы ұйымдастырылды. Бұл жоба әлемдік спорт аренасында ел есімін танытып жүрген атлеттеріміздің жетістігін жас спортшыларға үлгі етуге, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Биыл 10 ақпанда Қ.Мұңайтпасұлы атындағы республикалық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде аты аңызға айналған қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Спорт саласындағы инфрақұрылымды жақсарту және спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыс жүйелі жалғасып жатыр. Ақпан айында дзюдо орталығының салтанатты ашылуы, Ресей, Марокко және Қырғызстаннан келген 80-нен астам спортшының қатысуымен шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа құрлығының кубогі, «Құсбегілік», «Қазақ күресі», «Жекпе-жек» және т. б. Спорт түрінен Қазақстан чемпионаты өтті.

Биыл отандық спортшылар өз жетістіктерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап жатыр. Олардың арасында, Мария Әуезованы ерекше атап өткім келеді. Ол Эверест тауының Кала-Патхар шыңына (5364 метр) шыққан әлемдегі ең алғашқы мүмкіндігі шектеулі әйел атанды. Күні кеше ғана альпинизмнен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Мақсұт Жұмаев жер бетіндегі ең биік тау жүйесі – Гималайдағы Шығыс Лобуче шыңын бағындырып, өзінің жетістігін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады. Осы орайда ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шара өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескеріп, санитария талаптарын сақтай отырып өткізіле береді»,-деді.