
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мен «Қазақстан хор дирижерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі «Музыкалық VUCA әлемі: орындаушылық пен көркемдік кеңістікті ұғынудан социумға дейін» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Конференция ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналады. Конференцияға музыка өнері саласындағы жоғары, орта, қосымша білім беру мекемелерінің зерттеушілері, орындаушылар, оқытушылар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттің бірі – еліміздің әлемдік музыка кеңістігіне интеграциялануы. Осы тұрғыда отандық музыканттардың шет мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз шығармашылық қарым қатынас орнатуы отандық әдебиет, өнер мен мәдениет тарихындағы бір белес болмақ.
Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында ұлттық сана мен мәдениет деңгейін арттыруға және жалпыға бірдей руханиятты дамытуға бағытталған жаңа бағдарламаларды дайындап, қолданысқа енгізу бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі халықаралық ғылыми-практикалық конференция - осы үлкен ұлттық жобаның маңызды бөлігі.
Конференцияда төмендегі тақырыптар талқыланды:
• Тәуелсіз Қазақстан және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері жылдарындағы көркемдік пайымдаудың кеңістік-уақыт константалары;
• музыкалық орындаушылық / білім және педагогика;
• қазіргі музыкалық мәдениеттегі хор орындаушылық;
• дәстүрлі музыкалық мәдениет: тарих пен қазіргі заман;
• музыкалық өнер саласындағы инклюзивті білім беру;
• медиамәдениет кеңістігіндегі музыка мен орындаушылық өнердегі ақпараттық технологиялар;
• музыка мәдениеті мен өнерінің көрнекті қайраткерлері – 2021 жылғы мерейтой иелері.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Саида Елеманова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасының аға оқытушысы Бағлан Бәбіжан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі ән» кафедрасының аға оқытушысы Клара Төленбаева, Попов атындағы хор өнері академиясының ректоры, П.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы камералық хорының көркемдік жетекшісі Александр Соловьев, В.Попов атындағы хор өнері академиясының ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Наталья Ефимова, профессор, М.М.Ипполитова-Иванова атындағы Мемлекеттік музыкалық-педагогикалық институтының «Дирижерлік академиялық хор» кафедрасының меңгерушісі Наталья Кошкарева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университеті «Хор дирижері» кафедрасының профессоры, «Қазақстан хор дирижерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Хор өнері саласындағы халықаралық сарапшы, Бүкіләлемдік Interkultur хор кеңесінің мүшесі Гульмира Куттыбадамова, ToP-facilitator, бизнес-тренер, retail-кеңесші Анна Пацюк, Торонто университетінің профессоры, хор өнері саласындағы халықаралық сарапшы, дүниежүзілік Interkultur хор кеңесінің мүшесі Зимфира Полоз және өзге қатысушылар баяндама жасады.