
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова танымал театр және кино актрисасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Лейло Бекназар-Ханинганы қабылдады.
Министр өнер майталманын туған күнімен және 40 жылдық шығармашылығын қамтитын «Жұлдызым менің жоғары» кітабының тұсаукесерімен құттықтады.
«Құрметті Лейло Ақназарқызы!
Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз екі алып өзен сияқты болған театр мен кино əлемінде сан қырлы бейнелерді шебер сомдап, өнерсүйер жұртшылықтың зор құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан өнер қайраткерісіз. Туған жердің топырағынан дарыған дарын мен қажырлы еңбектің арқасында ұлттық сахна өнерінің қара шаңырағы саналатын М.Əуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында жемісті қызмет етіп, көп шəкірттің кумиріне айналдыңыз. Өнерді өмірлік ұстанымға айналдырып Елорда төріндегі Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры ұжымы қатарында бас қала тұрғындарының ғана емес, қаранар қазақ халқының рухани көмбесін толтыруға өлшеусіз үлес қосып жатырсыз.
Сіздің бекзат өнердегі 40 жылдық шығармашылығыңыздан сыр шертетін «Жұлдызым менің жоғары» кітабы талғампаз оқырманның жоғары бағасын алып, кітап сөресінен ойып тұрып орын алуына тілектеспін. Лайым қанатыңыз талмай, қажыр-қайратыңыз арта берсін.
Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге мықты денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, шаңырағыңызға құт-береке тілмеймін!»,-деп жазылған министрдің құттықтау хатында.
Өз кезігінде актриса Ақтоты Райымқұловаға театр өнерін жандандыруға атсалысып келе жатқаны үшін алғыс айтты.
Айта кетейік, Лейло Бекназар-Ханинга бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында премьерасы өтетін «Бопай ханым» тарихи трагедиясында басты рөлді сомдайды.
Біздің анықтама:
Лейло Ақназарқызы Бекназар-Ханинга 1977-1981 жылдары Алматы көркем театр институтын «драмалық театр және кино артисі» мамандығы бойынша тәмамдаған. КСРО-ның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Х.Бөкееваның шеберханасында шыңдалып, сол жылы М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының құрамына алынады.
М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрында 18 жыл қызмет етіп, 1999 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің шақыруымен және ҚР Мәдениет министірлігінің жолдамасымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры мен М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына қызметке ауысқан.
2002 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясында «Театр және режиссура» кафедрасының негізін қалап, жетекшілік етеді. Профессордың қырықтан астам шәкірті халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Қазақстан «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының, «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты.
Жетістіктері: Д.Исабековтің «Алтын тордағы тоты» драмасындағы актриса, А.Чеховтың «Ваня ағай» драмасындағы Елена Андреевна, М.Шахановтың «Шыңғысханның соңғы күндері» пьесасындағы Ақерке, Е.Жуасбектің «Сен үшін» комедиясындағы әйел бейнесі образы «Ең үздік әйел» номинациясына ие болды. Сонымен қатар қазақ және орыс тіліндегі спектакльдерде қатар ойнайтын актриса «Сахнагер» ұлттық театр жүлдесінің «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» марапатының, халықаралық, республикалық фестивальдерде жеті мәрте «Ең үздік актриса» жүлдесінің иегері.
«Қазақфильм», «Мосфильм», «Қырғызфильм» киностудиясында киноға түскен. Бұл қатарда: «Күзет бастығы» - Күләш (реж: А.Тәжібаев), «Провинциальный роман» - Зарема (реж: М.Убукеев), «Стужа» - Гуля (көркемдік жетекші А.Кончаловский, реж: М.Омаров), «Ақ білек» - Тоқал (реж: К.Дүйсенбаев), «Бибол» - балалар үйінің директоры (реж: Т.Теменов), «Ана жүрегі» - Райгүл Ахметқызы (реж: С.Омаров), «Рауан» - Ханшайым (реж: С.Омаров), «Келінжан» - Күлімхан ене (реж: Е.Нұрғалиев), «Любовь. Надежда. Астана» - ана (реж: И.Голубоков).
2019 жылы 5-6 қыркүйекте М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында көрерменге жол тартқан драматург Роза Мұқанованың «Фариза» спектаклінде Тағдыр рөлін сомдады. Бұл спектакль сол жылы 31 қазанда Мәскеу қаласындағы «Современник» театрының сахнасында, 15-16 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында қойылды.