Еуропалық Одақ Ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Еуропалық Одақ Ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысында еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Бүгін Бельгия астанасы Брюссельде Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ Ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын аясында Қазақстанның ГФР-дағы Елшілігі мен Kazakh Invest ұлттық компаниясы АҚ-ның көмегімен еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымы ұйымдастырылды.

Берлин Еуразиялық клубының мүшелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған делегациямен Қазақстанның туризм және аграрлық саладағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов кейінгі жылдары елімізде экономиканың шикізаттық емес салаларын танымал етудің арқасында туризм саласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын атап өтті.

«Инвесторларды ынталандыру үшін жақында ғана туристік қызмет туралы Заңға өзгерістер енгізілді және инвесторлар үшін айтарлықтай қолдау шаралары айқындалды. Мысалы, қонақ үйлер құрылысы құнының 10% -ын өтеу немесе тау шаңғысы курорттары үшін жабдықтар мен техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың 25% -ын өтеу сынды қолдау түрі бар», - деді Ғ.Әбдірахымов.

Бүгінде елімізде туризм саласына шет мемлекеттерден тікелей инвестиция тарту ісі жанданып жатыр. Мұндай шаралар қатарына шетелдік инвестициясы бар жобаларға рұқсат беру; инвестициялар мен пайданы репатриациялауға кепілдіктер беру; және инвестициялық дауларды шешу тетіктерін жасау жатады.

Сонымен қатар бұл қатарда салық жеңілдіктері де бар. Ғабидолла Әбдірахымов өз сөзінде Үкімет туризм саласы мен өңірлерге тікелей шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында жалпы салық режимінен ерекшелік ретінде корпоративтік табыс салығын, жер салығын, ҚҚС, мүлік салығын, кедендік баждарды нөлге дейін төмендеткенін хабарлады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша пандемия туризм саласына қатты әсер еткеніне қарамастан, қабылданған барлық шара өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, бұл саладағы инвестиция көлемі 1,5 млрд, долларға жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1,3 есе өсті.

Отырыс кезінде Қазақстанға туристік ағындарды арттыру жайы да талқыланды. Қазір елімізде экотуризм, санаторий мен курорттық туризм сұранысқа ие. Ал туристік объектілердің табиғи географиялық және әлеуметтік алшақтығын ескерсек, коронавирус пандемиясы кезінде демалыстың бұл түрі саяхаттаушыларды қызықтыратыны заңды.

Еуропа елдерінен келетін туристер санын арттыру мақсатында Қазақстан әлемнің 73 елімен визасыз режим енгізгені белгілі. Айта кетейік, пандемияға байланысты бұл норма уақытша тоқтатылды. Десе де кездесуге қатысушылар жағдайды тез арада шешу мен эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескеріп, визасыз елдер санын тағы 17 мемлекетпен толықтыруды талқылады. Сондай-ақ, виза беру үдерісі жеделдетілді. Енді 117 мемлекеттің азаматтары электронды түрде виза ала алады.

Кездесу соңында вице-министр қатысушыларға ТОП-10 туристік дестинацияда іске асырылған жаңа жобалар туралы айтып берді. Форум ұйымдастырушылары келесі кездесуді Ақтау курорт аймағында ұйымдастыруды ұсынды.