
Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта Түрікменстанның Мəдениет министрі Атагелді Шамурадовпен кездесті.
Ақтоты Райымқұлова Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мәдени қарым қатынас дамып жатқанын, екі мемлекет арасындағы ұзақ жылғы байланыс достық пен өзара сыйластыққа негізделгенін жеткізіп, әр саладағы ынтымақтастыққа тоқталып өтті.
«Қазақстан мен Түрікменстан Үкіметі арасында мәдени ынтымақтастық туралы алғашқы келісімге 1999 жылы 9 сәуірде, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге 1997 жылы 27 ақпанда қол қойылған. Бүгінде елімізде түрікмен қоғамдық-мәдени орталығы Алматы, Маңғыстау, Қостанай және Қарағанды облысында жұмыс істейді. Ал 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу аясында Ашхабад қаласында Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Гала-концертте қазақ және түрікмен халық әндері, билері, заманауи эстрада әуендері мен фольклор композициялары орындалды.
Былтыр сәуір айында Ашхабад қаласында Қазақстанның Түрікменстандағы Елшілігі ұлы ақын, әлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мәдени іс-шара ұйымдастырды. Осы іс-шара аясында Ашхабад қаласы мен Ахал уәлаятында тұратын қазақ диаспорасы өкілдері арасында ақын шығармаларын мәнерлеп оқу байқауы өтті. Жиынға 17 жасқа дейінгі балалар қатысып, Абай өлеңдерін қазақ, орыс және түрікмен тілінде оқыды»,-деді министр.
Осыдан кейін Атагелді Шамурадов Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдерін, еліміздің шығармашылық ұжымдарын Түрікменстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ашхабад қаласының 140 жылдығын мерекелеуге қатысуға, отандық артистер мен режиссерлерді түрікменстандық әріптестерімен бірлесіп Махтумкули атындағы театр сахнасында «Абай» операсын бірге сахналауға шақырып, ұсыныс жасады. Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова аталған ұсынысты қабылдауға дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар министр коронавирус пандемиясы кезінде халықаралық іс-шаралар өткізудегі тәжірибесімен бөлісті.
«Әлемді алаңдатқан коронавирус пандемиясы іс-шараларды онлайн форматта іске асыра отырып, шығармашылық қызметте жаңа тыныс алған барлық мәдениет ұйымының қызметін басқа қырынан көрсетуге мүмкіндік берді. Осылайша өнер ошақтары өтпелі қиындықтар кезінде ел азаматтарымен бірге жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін көрсетті. Концерт ұйымдары, театрлар, киностудиялар, мұражайлар, мұражай-қорықтардың және кітапханалардың қорларын цифрлаудағы жүйелі жұмыстың арқасында көптеген отандасымыз үйде отырып, бос уақытын пайдалы өткізуге әсер етті. Еліміздің жетекші музейлері, театрлары, кітапханалары концерттерді, спектакльдерді, қойылымдарды, отандық фильмдерді, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша 3Д-турларды тегін интернет-трансляциялауды ұйымдастырды. Есту қабілеті нашар адамдар үшін арнайы бейне-экскурсиялар ұйымдастырылды. Пандемия кезінде субсидиялар, оның ішінде республикалық мәдениет ұйымдарының жалақысы толық сақталғанын атап өткім келеді.
Сонымен қатар Үкімет ҚР Президентінің 2020 жылы 16 наурыздағы № 287 «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлығын іске асыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы Қаулысына сәйкес 2020 жылдың соңына дейін ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер және дене шынықтыру-сауықтыру және спорт объектілері бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықты алып тастады (бұл қолдау жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлға ретінде тіркелмеген субъектілерге қолданылмайды).
Биыл ауыл клубтарының, мәдениет үйлерінің, мұражайлар мен кітапханалардың қызметкерлерін қолдау мақсатында үшінші жыл қатарынан «Рухани қазына» республикалық байқауы өткізіліп жатыр.
Қазақстандықтарды өз шығармашылығымен қуантып, сол арқылы қоғам рухын көтерген отандық әртістеріміз де пандемия кезінде шетте қалған жоқ. Біздің Министрліктің бастамасымен еткен «Карантиндегі жұлдыз» жобасы елде үлкен танымалдылыққа ие болды. Жалпы әншілеріміздің 42 онлайн-концерт YouTube-та 20 миллионға жуық қаралым жинады. Жалпы көптеген онлайн-жобаның көрсетілімі 60 миллионнан асты.
Халықаралық музыка челлендждер өтіп жатыр. Оның ішінде Қазақстан-Ресей артистерінің қатысуымен өткен «Единый мир» жобасы бар. Ал «Тұран» фольклорлы-этнографиялық тобы бастаған музыкалық импровизация бойынша #COVIDHOMECONCERTS халықаралық online челленджіне бүгінде әлемнің 15 елінің музыканттары қатысып жатыр.
ZOOM платформасында онлайн-конференциялар өткізу тәжірибесі енгізілді. Осындай форматта «Абай және рухани мұра» және «Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және қазіргі заман» халықаралық онлайн-конференциялары өткізілді. 2020 жылы іс-шаралар онлайн-форматқа көшіріліп, бірқатар білім беру, мәдени-ағарту салаларында 19 000-ға жуық онлайн және офлайн іс-шара өткізілді. Осылайша, халықаралық және отандық сарапшылардың қатысуымен карантин кезеңінде мәдениет пен өнер саласындағы жұмысты қайта бастау бойынша тұрақты негізде кең талқылаулар, тәжірибе алмасу жүргізіледі»,-деді Мәдениет және спорт министрі.
Ақтоты Райымқұлова Түрікменстанмен ынтымақтастықтағы маңызды бағыт Каспий өңірінде туризмді дамыту екенін атап өтті.
«Бүгінгі күнге дейін Каспийдегі туризм тақырыбы бойынша түрлі деңгейлерде бірқатар көпжақты кездесулер өткізілді. Олардың ішінде Каспий маңы мемлекеттерінің туризм мәселелері жөніндегі бесжақты консультациялары өзекті. Олардың алғашқысын біз 2019 жылы Ақтау қаласында Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп өткіздік. Оның қорытындысы бойынша Каспийде туризмді одан әрі дамыту, бірлескен жаңа құрамдастырылған турларды құру, круиздік туризмді дамыту, Каспий өңірінде туризмді синхронды дамытудың жалпы тұжырымдамасын әзірлеу, бірыңғай туристік бренд құру, туристік объектілер мен қызметтерді сертификаттаудың бірыңғай әдістемесін әзірлеу сынды мәселелер қаралған.
Үйлестірілген дамуды қамтамасыз ету үшін Каспий маңы елдерінің салалық қауымдастығын құруды ұсынамыз. Ол «Каспийдегі туризм» бірлескен брендін ілгерілетумен айналысады.
Каспийдегі жағажай және круиз туризмі - біздің басты бағытымыз, мұнда перспективалы туристік әлеует бар. Маңғыстау облысында этникалық, мәдени және экологиялық туризмнің әлеуеті жоғары. Өңірде мемлекеттің қорғауында тұрған 362 киелі орын мен 13 мың тарихи ескерткіш бар.
Жаңа өнімдердің бірі Каспий маңы елдерінің порттарында тоқтайтын круиздік лайнердің іске қосылуы болмақ. Айта кету керек, 2015 жылы Ресей тарапы Каспий теңізі бойынша круиздік рейстерді орындайтын мамандандырылған кеме құрылысының басталғаны туралы хабарлады. Нәтижесінде, көп ұзамай астрахандық кеме жасаушылар бізге келесі жылы алғашқы сапарға шығатын «Ұлы Петр» круиздік кемесін ұсынады. Осы мақсатта бүгінде Каспийде порттық инфрақұрылым өте жылдам қарқынмен дамуда. Оның құрылуымен бұл өңір туристер ағынының ұлғаюымен ірі көліктік-логистикалық орталыққа айналады.
Сондай-ақ біздің елдеріміздің арасындағы сенімнің жоғары деңгейі мен қазіргі экономикалық байланыстарды ескере отырып, Орталық Азия өңірі шеңберінде қарапайым, қолжетімді және бірегей туристік өнімді қалыптастыру мақсатында біздің елдеріміздің туристік секторларының деңгейлес интеграциясы да жоғары әлеуетке ие.
Туристік субъектілер мен ұйымдардың өзара іс-қимылы үшін интегралдық-тұрақты алаң қалыптастыру, Орталық Азия өңірінде туризмді бірлесіп дамытудың түрлі бағыттары бойынша туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында назарларыңызға Орталық Азия елдерінің туризм жөніндегі кеңесін құру мәселесін қарауды ұсынамыз.
Мемлекетаралық деңгейдегі диалог алаңы ретінде туристік саланың мемлекеттік ведомстволары мен бизнес-құрылымдарының қатысуымен Тұрақты консультативтік-кеңесші органдар түрінде көрсетілген құралымдар неғұрлым маңызды және стратегиялық маңызы бар мәселелер бойынша теңдестірілген шешімдер әзірлеуге ықпал етеді, жүйелі негізде, оның ішінде туризм секторы үшін пандемия зардаптарын еңсеру мәселелері бойынша пікір мен ұсыныстар алмасуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз»,-деп айтты министр.
Сөз соңында Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі түрікменстандық әріптесінің жұмысына сәттілік тіледі.