
Былтыр 30 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң халықтың барлық жас тобы арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту және балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімділігі бойынша шараларды көздейді. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірлеу Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын, осы Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар Жоспарының 63-тармағын орындау қажеттігіне негізделген.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің осы тапсырмаларды орындау мақсатында нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, бірнеше отырысы өтті.
Жұмыс тобының қызметі шеңберінде балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды енгізу тетігі көзделетін 8 құқықтық актіні (мәдениет саласында – 4, дене шынықтыру және спорт саласында – 4) әзірлеу жүзеге асырылады.
ҚР «Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы»,
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы»,
«Мемлекеттік шығармашылық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы»,
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелердің рейтингін айқындау қағидаларын бекіту туралы»,
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларында мемлекеттік спорттық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы»,
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы»,
«Мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы»
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының рейтингін айқындау қағидаларын бекіту туралы»
Сонымен қатар, шығармашылық үйірмелердің жұмысына қатысты талаптарды анықтау, қажетті құжаттар тізімі және қызмет көрсетушіні іріктеп алу шарттары, орындалу мерзімі мен басқа да мәселелерді жүзеге асыру үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан жобалау кеңсесі құрылды, оның құрамына мәдениет саласының мамандары тартылды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да құжатты дайындау жұмысына белсенді ат салысты. Балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды енгізу механизмін енгізу үстіміздегі жылдың 1 мамырынан көзделіп отыр. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген, ал мемлекеттік тапсырыстардың операторы ретінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Мәдениет және спорт басқармалары.
Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстардың жеткізушісі ретінде кез-келген жеке кәсіпкер не заңды тұлға болуы мүмкін, оның меншік формасы маңызды емес, бастысы, заңмен бекітілген мерзімде сапалы қызмет көрсетілу қажет. Ал қызмет алушы 4-17 жасқа дейінгі балалар, олардың мүддесін заңды өкілдері қорғайды. Қабылданған ережелер ваучерлік жүйе секілді жұмыс істейді, оған сәйкес, балалар арасындағы бос орындар, олардың кезегіне сәйкес, меншікті ваучердің берілуі арқылы таңдаған қызмет көрсетушісіне бөлінеді.
Айта кетейік, балалар контингентін толтыру, басқа да қызмет көрсетушінің, оператор мен баланың заңды өкілінің функционалдық қосалқы қызметтері, осыған қатысты процесстер қызмет көрсетуші мен баланың заңды өкіліне тегін негізде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ережеде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялардың жұмыс істеуіне қатысты, оның ішінде ғимараттарды жабдықтауға байланысты арнайы талаптар көзделген. Мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жеткізіп берушілерді іріктеу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету, шығармашылық үйірмелер және спорттық секцияларға баратын балалардың кезегін сақтау, және осыған қатысты барлық процедуралардың дұрыс жүруі электронды форматта, біріккен ақпараттық жүйе негізінде жүзеге асырылады.
Бүгінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі, ҚР Білім және ғылым министрліктерімен бірлесе «Bala» ақпараттық жүйесін дайындап жатыр, ол аталған механизм процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді.
28 сәуірден бастап еліміздің бірнеше өңірінде, атап айтсақ, Қарағанды және Павлодар облыстарында ақпараттық жүйені апробациядан өткізу басталып кетті. 29 сәуірден «Bala» ақпараттық жүйесіне еліміздің облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды қосу жоспарланып отыр.
Сайтқа кіру үшін сілтеме artsport.edu.kz
Аталған нормативті-құқықтық актілер ҚР Әділет Министрлігі НҚА ақпараттық жүйесінде ресми түрде жарияланған - http://adilet.zan.kz