
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы кітап оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын. Сондай-ақ, бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Бұл туралы Министрлік а.ж. 11 ақпанында Қазақстан Республикасының Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте ресми хабарлаған болатын.
Аталмыш жыл аясында еліміздің барлық аймақтарында түрлі форматтағы 10 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған.
Осындай іс-шаралардың бірі – а.ж. 23 сәуірде сағат 11.00-де ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Р. Райымқұлованың қатысуымен өтетін «Қазіргі балалар әдебиеті» атты онлайн-конференция.
Аталған іс-шараға ақын, журналист, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «Балапан» телеарнасының директоры Мақпал Жұмабай, балалар жазушысы Бейсенбай Сүлейменов, филология ғылымдарының докторы, профессор, балалар әдебиеті сыншысы Құлбек Ергөбек, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, «Жыл он екі ай» балалар альманағының бас редакторы Талғат Айтбайұлы және т.б. балаларға арналған шығармалар жазып жүрген ақын-жазушы, аниматор-суретшілер қатысады.
Сондай-ақ облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдіктеріне қарасты Мәдениет, Білім беру басқармаларының басшылары қатысады.
Біздің анықтама:
Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылының негізгі мақсаты- балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау. Аталмыш шара аясында түрлі жобалар мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсиялар, байқаулар мен кездесулер, кештер, челлендждер жүзеге асырылып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-да кеңінен насихатталатын болады.