
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселесі жөніндегі республикалық комиссияның онлайн-отырысы өтті.
Отырысты ашқан Қырымбек Көшербаев мемлекеттік рәміздер біздің Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы екенін, Қазақстан халқының бірлігін, тұтастығын және азаматтық бірегейлігін бейнелейтінін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекеттік хатшы Президенттің тапсырмасына сәйкес біздің азаматтарымыздың патриоттық сезімін білдіру мақсатында мемлекеттік рәміздерді пайдалануды кеңейтуді көздейтін заңнама мен нормативтік актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірленгенін атап өтті.
Жиында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова геральдикалық зерттеулер орталығының қызметі, мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік рәміздерді насихаттау және пайдалану бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс жөнінде баяндама жасады.
Ақтоты Райымқұлова баяндамасында комиссия өз жұмысында мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық наградаларды пайдалану саласындағы мәселелерді шешуге бастамашылық жасап келе жатқанын, бұл бағытта бірқатар шара іске асырылғанын хабарлады.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Үкіметтің 2020 жылы 27 қарашадағы № 801 қаулысымен Мемлекеттік Ту мен Елтаңба бейнесін, Гимннің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістердің нәтижесінде азаматтарымыз үшін Мемлекеттік Туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейтіліп отыр.
Атап айтқанда, Қазақстан Туды жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда (тұрғын үйлерде және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана (орнату, орналастыруға) алады. Ал мемлекеттік ту ұлттық стандартқа сай келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен ауыстырылуға және жойылуға тиіс.
Сонымен қатар жеке тұлғаларға осы қағидаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес Мемлекеттік Туды бір қабатты немесе көп қабатты ғимараттарда экстерьерлі нұсқада орналастыру кезінде ғимараттың сәулет ерекшеліктеріне қарамастан пайдалану мүмкіндігі берілді. Бұдан былай жеке тұлғалар ғимараттарда орналастырылатын Мемлекеттік Туды тәуліктің қараңғы уақытында жарық құралдарын қолданбай пайдалана алады. Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген өзгертулер еліміздің Мемлекеттік Туының қолданылу аясын едәуір кеңейтеді, оның қоғамдағы патриотизм рухын нығайтуға бағытталған символдық капиталын жаңаша ұғынуға мүмкіндік береді»,-деп Мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар жайлы тарқатып айтып өтті.
Осыдан кейін министр ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселесіне тоқталды.
«Мемлекет басшысының 2019 жылы 9 қазандағы (№19-03-11.40-1) ведомстволық наградаларды оңтайландыруға қатысты тапсырмасын орындау барысында «Мемлекеттік рәміздер және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын, есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының геральдикасы мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 155 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлық жобасы әзірленді.
Жоба ведомстволық наградалардың санын медальдар мен төсбелгілердің дәрежелерін жою арқылы оңтайландыруды көздейді. Осылайша, Жоба Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық кауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасының қорғаныс, ішкі істер және төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларының санын қысқартуға бағытталған. Қазіргі таңда аталған Жарлық жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауында тұр»,-деді.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Мемлекеттік хатшыға Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Геральдика орталығын құру жайлы айтып берді.
«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесін құру туралы № 195 Үкімет қаулысы биыл 31 наурызда қабылданды. Осыған орай қазір аталған орталықтың жарғысы әзірленіп жатыр»,-деді.
Сондай-ақ министр Мемлекеттік хатшының орталықтың қызметіне қатысты сауалына жауап берді.
«Геральдикалық зерттеулер орталығы ведомстволық наградалардың бірыңғай критерийлерін әзірлеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану мен насихаттау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық базаны жетілдіру, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау жөнінде әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу, геральдикалық сараптама жүргізу қызметтерін жүзеге асыратын болады»,- деді Ақтоты Райымқұлова.
Жиын қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев мемлекеттік рәміздер мен геральдика саласына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Соның ішінде осы саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту, ведомстволық наградаларды оңтайландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, мемлекеттік рәміздерді танымал етуде және жастарға патриоттық тәрбие беруде қоғамдық ұйымдардың әлеуетін кеңінен пайдалану бар. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен облыстардың әкіміне өңірлерде мемлекеттік рәміздерді насихаттау орталықтарының тиімді қызметін қамтамасыз ету, шалғай ауылды округтердегі осы жұмысқа ерекше назар аудару тапсырылды.