
Сәуірдің 2-8 аралығында Ақмола жəне Қызылорда облысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен облыс әкімдіктеріндегі Мәдениет, архивтер және құжатнама басқармалары бірігіп семинар-тренингтер өткізді.
Облыстағы халық шығармашылығы орталықтарының базасында «Этно-фольклорлық өнерді дамытуға инновациялық менеджмент технологиялары мен әдістерін енгізу», «Медиажоспарлау негіздері», «Мәдениет саласындағы менеджмент пен маркетинг» тақырыбында өтетін жиынға ауыл және өңірдегі клуб басшылары, шығармашылық ұжым жетекшілері, клубтағы жұмыс әдіскерлері қатысты.
Жалпы 125 адам қатысқан семинарларды «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы жанындағы Концерттік-гастрольдік қызмет орталығы «Мәдениет саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Семинар-тренингтердің мақсаты - мәдениет саласындағы қызмет түрлерінің заманауи формалары мен әдістері бойынша теориялық білім мен практикалық дағдыларды жетілдіру және олардың қызметкерлердің ұйымдастырушылық-концерттік жұмысының тиімділігін арттырудағы әсерін анықтау, мәдениет және өнер саласындағы мамандарды кәсіби деңгейі бойынша оқытуға бағыттау.
Семинарларға Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, «Халық алғысы» және «Мәдениет саласының үздігі» мемлекеттік төсбелгісінің иегері, музыкант-мультиаспапшы, «Тұран» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің белді мүшесі Серік Нұрмолдаев спикер болды.
Аталмыш мәдени-білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен биыл қаңтарда бастау алып, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысында өткізілген болатын.
Семинар-тренингтер мәдениет саласындағы қызметкерлердің басқарушылық және шығармашылық қырларын шыңдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар семинар қатысушыларын этникалық бағыттағы мәдени жобалардың сапасын арттыруға ынталандырды.
«Мәдениет саласы мамандарына арналған оқу бағдарламалары» өңірлермен байланысты нығайтуға, мәдениет саласы мәселелерін шешуге түрлі құрылым өкілдерін ортақтастыру, мәдениет және өнер саласы мамандарының арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейтуге жол ашары сөзсіз.