«Теңбіл доп» жеңімпаздары – Қостанай облысы, Қарасу орта мектебінің құрамасы

«Теңбіл доп» жеңімпаздары – Қостанай облысы, Қарасу орта мектебінің құрамасы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» РМҚК ұйымдастыруымен Ұлттық мектеп лигасы өтіп жатыр.

Мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналған жас ұрпақтың дене тәрбиесін жетілдіру бойынша Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» кешенді жұмыстар мен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. 

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында футзалдан 9-11 сыныптар арасында «Теңбіл доп» жарысының жеңімпаздары анықталып, салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев, Қазақстан футбол федерациясының Серік Жугралин, «Шығыс» балалар-жасөспірім орталығының директоры Нұрлан Тяженов, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бас директоры Тастанбек Есентаев қатысты.

«Футзалдан «Теңбіл доп» жарысына 16 команда  200-дей оқушы қатысты. Бұл – аймақтық дене тәрбиесі орталықтарымен бірлесіп атқарған жұмыстарымыз жемісі деп білемін. Сондай-ақ, саналы да салауатты ұрпағымызды тәрбиелеуде, оқушылардың жарыстарға қатысуына ықпал еткен ұстаздарымыздың, жергілікті Білім басқармаларының басшылары мен мектеп директорларының үлесі зор», - деп атап өтті Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Тастанбек Есентаев.

Ұлттық мектеп лигасы аясында 9-11 сыныптар арасында өткізілген Теңбіл доп жарысында:

1-орын  Қостанай облысы, Қарасу ауданы, Қарасу ауылы, Қарасу орта мектебінің құрамасы;

2-орын  Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті, №131 орта мектебінің құрамасы;

3-орын Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала жалпы білім беретін орта мектебінің құрамасы.

«Үздік қақпашы» номинациясының иегері – Қызылорда облысы, Ұлықбек Жомартов.

«Үздік қорғаушы» номинациясының иегері – Қостанай облысы, Диас Нурканов.

«Үздік шабуылшы» номинациясының иегері – Батыс Қазақстан облысы, Амангелді Сағынғалиев.

«Үздік ойыншы» номинациясының иегері -  Батыс Қазақстан облысы, Сағи Қайырғалиев.

Сонымен қатар, жеңімпаз дайындағаны үшін команда жетекшілері Алғыс хатпен марапатталды.

Біздің анықтама:

Ұлттық мектеп лигасы - ауыл-аймақтардағы жас дарындарды табуға мүмкіндік беретін спорт бәсекесі, оқушылар спорты бойынша бірегей жоба.

Лига «Алтын  доп» (баскетбол), «Шұбар доп»  (волейбол), «Ұшқыр доп»   (гандбол),  «Теңбіл доп» (футзал),  «Былғары доп»   (футбол), «Былғары доп - Балдаурен» (футбол), Асық ату, бес асық, президенттік тестілер, үстел теннисі, тоғызқұмалақ  жарыстарынан тұрады.  Жалпы 9 спорт түрінен 34 жарыс өтеді, онда 3500-ға жуық оқушы қамтылады. Лигаға 850 төреші тартылған, 5-6, 7-8, 9-11 сыныптардың оқушылары қатысады, дүбірлі дода 4 сәуірден бастап маусымның аяғына дейін жалғасады.

Лига аясындағы алғашқы сайыс гандболдан «Ұшқыр доп» жарысы 4 сәуірде  Сыр өңірінде бастау алды. Жалпы жарыстар Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Щучье, Алматы, Семей, Қызылорда,  Шымкент, Талдықорған, Павлодар, Орал қалаларында өтіп жатыр.