
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Халықаралық әйелдер күніне орай көп балалы, мүгедектігі бар әйелдерге, жалғыз басты, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қатарына кіретін 100 анаға «Sa belle» сән үйі әзірлеген сыйлықтар табысталды.
Іс-шараның мақсаты – аталған категориядағы тұлғаларға қолдау көрсету. Құрметті аналарды айтулы мерекемен құттықтап, олардың рухын көтеру. Бұл бастаманы «Sa belle» сән үйінің иесі Белла Сат ханым қолға алып отыр. Ол өзінің қайырымдылық акциясы туралы әлеуметтік желіде жариялаған болатын. Қонақтарға сән үйі әзірлеген көйлектерді дизайнердің өзі табыстады.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі Экскурсиялық жұмыстар және музей педагогикасы қызметінің басшысы Құмар Жүнісов: «Аналар, апалар, қарындастар! Барлықтарыңызды көктемнің әдемі мерекесімен Ұлттық музейдің атынан шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі «Sa belle» сән үйінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған бүгінгі шараға ризалығымызды білдіреміз. Отбасыларыңызға амандық, көңілдеріңізге қуаныш тілеймін», - деді.
Дизайнер Белла Сат қайырымдылық шаралар ұйымдастырып, көпке көмек етуді өзіне басты мақсат еткен. Ол 2015 жылдан бері мүгедектігі бар жандарға арналған киім үлгілерін тігеді.
«Нұр Отан» партиясы «Бірлік» қалалық филиалы Төрағасының орынбасары Шыңғысхан Қожахметов: «Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Белла Сат ханым әлеуметтік желіде ақпарат таратты. Көп балалы, жалғыз басты аналар, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап жүрген 50 анаға көйлек тігемін деді. 300-ден астам азаматшадан өтініш түскен. Оларға жеке-жеке хабарласып, қал-жағдайларын біліп, ішінен әлеуметтік аз қамтылған 100 ананы іріктеп алған болатын. Бұл ақпаратты білген соң, біз де қандай көмек бере аламыз деп хабарластық. Ұлттық музей де өз тарапынан қолдау көрсетіп, аналардың басын қосып, сыйлықтарды табыстауға мүмкіндік жасап отыр. Кәсіпкерлер де шет қалмай,көйлекке қосымша жеке сыйлықтар ұсынып отыр. Сат Белла ханым бұл бастаманың көпшілікке жарияланбағанын қалаған еді. Бірақ әлеуметтік желіде айтылған шараның аяқсыз қалмағанын, игі бастаманың толық орындалғанын бақылап, хабардар еткіміз келді», - деді өз сөзінде.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің, «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалының және «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
