Татарстанда Қазақ кино күндері өтіп жатыр

Татарстанда Қазақ кино күндері өтіп жатыр

Аталған мәдени іс-шараның негізгі мақсаты кинематография саласындағы екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту, сондай-ақ ресейлік көрермендерді Қазақстанның заманауи киносымен таныстыру.

Қазақ киносының күндері бүгін, наурыздың 15-нде ресейлік режиссер Сергей Снежкиннің«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмімен ашылады.  Басты рөлді сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов аталған фильмді көрермендерге өзі таныстыратын болады. 

«Елбасы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі – «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмі Кеңес  Одағының құлауы,  жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуы, оның ішінде Қазақстан Республикасы туралы баяндайды.  Фильм 1984-1991 жылдар аралығын қамтиды. Аталмыш көркем фильм ел тарихындағы елеулі оқиғаларға зер салып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоғам өмірінің бар саласында атқарған рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысының дүниежүзілік ауқымда ынтымақтастықты арттырудағы айрықша қызметін саралайды.

Айта кетсек, Қазақ киносы күндері шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясының басқа да туындылары көрсетіледі, олар: «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» режиссері Рүстем Әбдірашев, «Әміре» режиссері Джефри Веспа, «Оралман» режиссері Сәбит Құрманбеков,«Талан» режиссері Болат Қалымбетов. Ал 18-ші наурызда Ақан Сатаев түсірген «Анаға апарар жол» фильмі ұсынылады.  

Фильмдер орыс тілінде, «Мир» кинотеатрында (Достовевский көшесі, 30) көрсетілетін болады. Кіру тегін.