"Ясауи ізімен" жобасына Түркия мемлекеті қолдау көрсетеді

"Ясауи ізімен" жобасына Түркия мемлекеті қолдау көрсетеді

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің "Ясауи ізімен" ғылыми-танымдық жобасына Түрік Республикасы қолдау көрсетеді.

Бүгін Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) Қазақстандағы кординаторы Исмаил Гюрлек жобамен тереңірек танысу мақсатында Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді.

Сапар барысында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановпен кездесіп, Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, әрі жиені Жүсіп атаның ұрпағы Сейдәлім Юлдашев ақсақалдың қолындағы тарихи қолжазбалармен танысты.

-Ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің тарихын түгендеп, деректерін іздеу мақсатында "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі жасап жатқан жұмыстар Түркия халқы ғана емес жалпы Түркі елдерінің ортақ қуанышына айналды деуге болады. Түркия Республикасының телеарналарында "Ясауи ізімен" жобасы арқылы табылған шежірелер мен тарихи мұралар жайлы хабарлардың шығуы сол сәтте-ақ үлкен жаңалыққа айналып, ерекше қозғалыс тудырды. Мен сіздерге министрлеріміз бен агенттік басшыларының сәлемі мен алғысын жеткізгім келеді. Бұл жобаның әрі қарай да кең ауқымды жүзеге асуына қолдау көрсету үшін өз ұсынысымызды білдіреміз. Жобаға атсалысу біздің де парызымыз,-деді Исмаил Гюрлек.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі өкілінің айтуынша, шежірелердің түпнұсқасын толықтай аударуға арнайы орталықтарды жұмылдырып, жәдігерлерді реставрациялау, заманауи үлгіде электронды кітап шығарып Түркі елдеріне түгелдей танытуға қолдау көрсетуге ниетті.

- Сонымен қатар, Исмаил Гюрлек мырза екеуміздің арамызда реставрациялау жұмыстары, музейлендіру және Үкаша ата кесенесі жанына сапар орталығы мен мешіт, музей ғимараттарын салу, абаттандыру мәселелері қозғалды. Аталған жобаларға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің өкілі оң көзқарасын білдірді,-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Ресми кездесу барысында "Ясауи ізімен" жобасының жүйелі жұмысын арттыруға бағытталған іс-әрекетті үйлестіру, ғылыми жоба аясында анықталған, табылған тарихи құнды материалдарды насихаттау, қажет жағдайда реставрациялау, түркі дүниесіне кеңінен таратуды дамыту перспективаларын қарастыру, Ясауи есімімен байланысты діни және тарихи-ескерткіштерді насихаттау  мақсатында бірлескен экскурсиялық маршруттар құру, қос тарап та өз құзыреті шегінде ұзақ мерзімді және жан-жақты қарым-қатынасты дамыту, туристік имиджді қалыптастыру, музей саласы мамандарының тәжірибе алмасуға және кәсіби біліктілігін арттыруға, тұрақты туризмді дамытуға бағытталған іс-шараларға қолдау көрсету, тарихи-мәдени қарым-қатынасты нығайту сынды көптеген мәселелер талқыланды.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің өкілдері екі күнге созылған ресми сапарда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, ортағасырлық Сауран қалашығы мен Үкаша ата кесенесімен танысты.