
Түркістан қаласындағы Жүсіп ата кесенесі аумағында қорық-музей мен демеушілер есебінен сапар орталығының құрылысы басталып, аманат капсуласы салынды.
Тарихи кесенеге келушілерге арналған ғимараттың іргетасын қалауға арналған іс-шараға «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, жеке кәсіпкер, демеуші Рахметжан Абдусаттаров, Ескі Иқан ауылының жергілікті тұрғындары мен Жүсіп ата ұрпақтары қатысты.
-Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Жүсіп ата кесенесінде бой көтергелі отырған сапар орталығы өз кезегінде Түркістан өңіріне келетін зияратшылар мен туристерге жақсы жағдай туғыза отырып, еліміздегі туризм саласының дамуына серпіліс берері сөзсіз. Осы мақсатта біз жергілікті кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу арқылы сапар орталығы мәселесінің оң шешімін таптық. Жүсіп ата кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығын салуға демеушілік жасап отырған кәсіпкер Рахметжан Абдусаттаровқа ерекше алғыс білдіремін. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта қорық-музейге қарасты басқа да тарихи кесенелерде жалғасын табады. Қазіргі таңда, Әлқожа ата кесенесінің де айналасын абаттандыруға демеушілер тартылып, ауқымды жоба қолға алынды,- деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Құрылыс саласы мамандарының қатысуымен дайындалған жобалау құжаттарына сай туристер мен зияратшыларға арналған қызмет көрсету орталығы 4 бөлмеден тұрады. Онда әкімшілік, музей экспозициясы, қонақжай бөлмелері, шаруашылық бөлмелері қарастырылған. Сонымен бірге тарихи орынды абаттандыру ісі де қолға алынды. Тарихи деректерде көрсетілгендей жүзімнің ерекше түрін өсірген Жүсіп атаның сүйікті жұмысын қайта жаңғырту мақсатында 12 түрлі жүзім ағашы егіліп, арнайы бақ жасалынады.
Демеуші Рахметжан Абдусаттаров баққа жоғары сұрыпты жүзім егілетінін айтты. Қазіргі таңда еліміздегі және шетелдік жүзімдердің ерекше түрлері таңдалыпты.
Айта кетейік, тарихи деректер мен аңыз-әфсаналарда Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің жиені әрі замандасы, шәкірті болғандығы айтылады. Оның кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елдімекенінде орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2005 жылы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталған.