
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев, режиссер Рүстем Әбдіраш және Ғалым Доскенмен кездесіп, кино саласының мәселелерін, киноиндустрияны дамыту жайын талқылады.
Кездесу барысында министрге киноиндустрияны дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.
Ақтоты Райымқұлова «Кинематография туралы» заң бойынша жұмыс тобының отырыстары қалай өткізілетіні, киногерлердің, сала қайраткерлерінің пікірі қалай ескерілетіні, өзгертулер мен толықтырулар қалай жинақталатыны жайлы мәлімет алды. Айта кетейік, енді өзгертулер мен толықтырулар қабылдануы үшін мемлекеттік мекемелермен келісілетін болады. Қазір мемлекет тарапынан қаржыландыруды жеңіп алған фильмдердің түсірілім жұмысы қайта басталды. «Қазақфильм» АҚ жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Тағы да тарихи тақырыптағы фильм түсіруге ерекше көңіл бөлініп жатқаны айтылды.
Биыл 5 қаңтардан бастап киноөндірістерді мемлекеттік қаржыландыруға арналған сценарийлердің ашық конкурсы – питчингке қатысуға өтінімдер қабылданды. Қазір өтінімдерді іріктеуге белгілі актер, режиссер, продюсер, кинопрокат компанияларының иелерінен тұратын сарапшылар тобы жауап береді.
Сондай-ақ министр Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы директорлар кеңесінің жаңадан тағайындалған мүшелерімен танысты. Айта кетейік, жаңа құрам қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Ғани Қасымов, Halyk Finance директорлар кеңесінің төрағасы Арман Дунаев, белгілі кинопродюсер Борис Чердабаев пен орталық басшысы Есетжан Қосыбаев бар.
Ақтоты Райымқұлова атқарылып жатқан жұмысқа тиісті баға беріп, кино саласын дамыту бойынша ұсыныстарды ортаға салды.
Министр киноиндустрия саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларды, оның ішінде «Кинематография туралы» заң бойынша жұмыс топтарының қызметін жандандыру мәселесіне, кино саласының барлық қайраткерінің пікірін ескеруге ерекше назар аударды. Осы тұста сала өкілдері айтқан барлық ұсыныс міндетті түрде заңға түзетулер, толықтырулар пакетіне енуі керек екенін атап өтті.