«Дала фольклорының антологиясы» жинағы жарыққа шықты

«Дала фольклорының антологиясы» жинағы жарыққа шықты

2019 жылдың 19 сәуірінде Орталық коммуникациялар қызметінде  «Дала фольклорының антологиясы» атты жинағының тұсаукесеріне байланысты брифинг өтті.

«Дала фольклорының антологиясы»  жинағы Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынның аясында жүзеге асты. 

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Жоламанов Әбіл Тауфиқұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын  Аманжол Әлтаев және «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали қатысты.

Аталған жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.

Айта кетейік, ұлттың үнжариясы – Qazaq радиосында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен барлығы 350 хабар дайындалған болатын. Ал, кейіннен «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, әр жылдары жазылған таспалар қайта топтастырылып шықты.

Сондай-ақ, «Алтын қорда» сақталған еліміздің белгілі жыршы-термешілерінің орындауындағы 2015 жылы қайта үнтаспаға жазылған батырлар жырының 50 нұсқасы кірді.

Ежелден келе жатқан ұлтымыздың төл өнерінің бірі – айтыстың 1960 жылдан бері сақталған  10 шығарылымы, 1950 жылдан бастап сақтала бастаған, «Салт-дәстүр» атауымен берілген - «бата», «беташар», «сыңсу», «жар-жар», «жоқтау», «жарапазан», «бесік жырлары» сынды жәдігерлер де жинаққа енгізілді. 

Сонымен қатар, жыл басынан бері «Qazaq радиосы» мен «Shalqar» радиосының эфирінен «Дала фольклорының антологиясы» атты арнайы бағдарлама тыңдарманға жол тартқан болатын.