«Біздің қаланың ханзадасы» фильмі Ресейлік «Алтын Витязь» кинофорумында көрсетіледі

«Біздің қаланың ханзадасы» фильмі Ресейлік «Алтын Витязь» кинофорумында көрсетіледі

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында («Адигул продакшн» компаниясының қатысуымен) түсірілген «Біздің қаланың ханзадасы» атты көркем фильмі Халықаралық «Алтын Витязь» кинофорумында конкурстан тыс көрсетіледі. Кинофорум 2019 жылғы мамыр айының 22-інен 31 аралығында Севастополь қаласында өтеді. Фильмнің режиссері Талғат Теменов конкурстың қазылар алқасы мүшесі ретінде фестивальге шақырту алған.

«Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат станциясы» атты фильмдерімен халыққа танылған Талғат Теменовтың бұл туындысы – балалар үйінің тәрбиеленушісі және қарттар үйінде өмір сүретін қария туралы.

Естеріңізге сала кетейік, фильмде басты рөлді сомдаған актер Төлеубек Аралбай 2018 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальдің «Ер адам ролін үздік сомдағаны үшін» аталымын жеңіп алған-ды. Сонымен қатар, картина II халықаралық «Еуразиялық көпір» атты кинофестиваліне негізгі конкурсына қатысқан.

Халықаралық «Алтын Витязь» жыл сайын өтетін және рухани-өнегелік мәні бар киноны дәріптейтін фестиваль. Негізін 1992 жылы Ресей артисі Николай Бурляев құрған бұл фестиваль кинематография саласы үздіктерінің басын қосып, «Рухани-өнегелік идеалдарға қызмет ету» ұранымен өтеді. «Алтын Витязь» фестивалінің қамқоршылары – Мәскеу және барша Русь Қасиетті Патриархы Кирилл, Ресей мәдениет қорының және РФ кинематографистер одағының төрағасы, Ресей халық артисі Н.С.Михалков, РФ мәдениет министрі В.Р.Мединский, Севастополь қаласының губернаторы Д.В.Овсянников. «Алтын Витязь» кинофорумы 28 жыл бойы Ресейде, Украинада, Белоруссияда, Сербияда, Приднестровьеде өткізілген.