
Деректі фильм Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші жасақ командирі, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың тағдыры туралы баяндайды. Сценарий авторлары мен режиссерлері: Әсет Ерназаров және Ғазиз Насыров.
- «Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған Борис Түкенұлы Керімбаевтың өмірі мен қызмет жолына және ауған соғысы ардагерлеріне арналған «Жизнь специального назначения» фильмінің тұсаукесеріне қош келдіңіздер! Фильмнің авторлары – Әсет Ерназаров пен Ғазиз Насыров. Бұл кісілер қазақ киносына еңбегі сіңген азаматтар! Бүгінде Ғазиз Насыров белді кинодраматургтардың бірі болса, Әсет Ерназаров Өнер академиясында ұстаздық етіп, болашақ кино мамандарын даярлайды. Аты аңызға айналған, күллі ТМД елдеріне есімі мәлім Борис Түкенұлының осыдан бірнеше ай бұрын ғана 71 жасында бақилық болды. Ауған соғысы әлі де ақиқаты толық ашылмаған оқиғалардың қатарында. Біз «Қара майор» деректі фильмі арқылы осы кемшіліктің орнын толықтыру мақсатында аты аңызға айналған Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсатта құрылған 177 отряд командирі, отставкадағы полковник Борис Керімбаевтың ерлігі жайлы ақпарат беруді жөн көрдік», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Фильм көрсетіліміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Парламент депутаттары, қоғамы қайраткерлері,сондай-ақ "Қазақфильм"киностудиясының түсірілім тобы мен өкілдері қатысты.
- Ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Біздің жерлестеріміз батылдық, ерлік және жолдастық өзара көмек көрсете отырып, өздерінің әскери борышын орындады. Бүгін, отыз жыл өткеніне қарамастан, алыс Ауған соғысы туралы естеліктерді және сол қорқынышты соғыс оқиғаларын жылдар да, қашықтықтар да өшіре алмайды. Сондықтан, біз бұл адамдарды білуге, есте сақтауға және құрметтеуге міндеттіміз, - деді картинаның режиссері Ғазиз Насыров.
Деректі фильм көрсетілімінен соң Ауған соғысының ардагерлері фильм жасаушыларға оларға көңіл бөліп, оған қатысқан оқиғалар туралы естеліктері үшін алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, олар командир Борис Керімбаев пен Ауғанстандағы қызметі туралы естеліктерімен бөлісті, сондай-ақ болашақ ұрпақ бейбіт аспан астында өмір сүретініне үміт білдірді.
-«Тәрбиенің ішіндегі ең оттысы, өтімдісі – патриоттық тәрбие. Міне, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беруде осындай ерлердің өмірі үлгі. Деректі фильмде - аты аңызға айналған «қара майорды» тұлға ретінде тарихи келбетін аша білген түсіру тобына алғыс айтқым келеді. Ауған оқиғасының тарихи мағыналық ақиқатын ашуға әлі де көңіл бөлу керек. Алдағы уақытты осы тұрғыдағы фильмдерді көптеп түсіріп, жарыққа шығарса құба-құп болар еді. Сол кезде Отан үшін деп күрескен азаматтардың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды Отан сүйгіштікке, ерлікке баулуымыз керек. Кеңес әскерінің Ауған соғысы жерінен шығарылғанына 30 жыл өтсе де жауынгерлердің ерлігі ұмытылмайды. Деректі фильм осыған дәлел», - деді Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.
Ақпарат:
Өндірісі: Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіні тапсырысы бойынша
Ұзақтығы: 60 минут
Қоюшы режиссер: Ғазиз Насыров, Әсет Ерназаров
Сценарий авторлары: Ғазиз Насыров, Әсет Ерназаров
Қоюшы оператор: Алексей Кирюхин
Композитор: Әсел Омарова
Дыбысрежиссері: Илья Гариев
Картина директоры: Нуржан Жұманов

