
Мәскеуден бастау алып, Пекинде жалғасын табатын турне аты аңызға айналған өнер ұжымының 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. ҚР Тұңғыш Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Санкт-Петербургте өткен концерт Ресейдегі екінші қала болып отыр.
Қазақ музыканттарын ерекше ілтипатпен қабылдаған Михайлов театры. Петербордағы өткен тарихы бай сахнаның көркемдік жетекшісі - Владимир Кехман Қазақстанмен ұзақ мерзімді келісімге келуге үмітті екенін айтты.
«30 жылға дейін бізде қонақта болмағандарыңыз көңіл қынжылтады. Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшісінің бастамасы бойынша жүзеге асқан бұл іс-шара, алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін. Оркестрдің дайындығын естіген де, шығармаларының кереметтігіне таң қалдым! Біз үшін сіздер сияқты қонақтарды күту үлкен құрмет», -деп атап өтті концерт алдында Владимир Абрамович.
Концерт бағдарламасына әлемдік деңгейде танылған ең үздік шығармалар енген. Солардың бірі «Қыз Жібек» операсындағы «Шегенің термесі», бүкіл зал бірге шырқаған, естен кетпес «Катюша» әні, сондай-ақ Құрманғазының күйлері. Концертте орындалған 21 композицияның бәрі де Н.Тілендиев, П.Чайковский, Е.Брусиловский,Джоаккино Россини сынды әлем мойындаған ұлы композиторлардың ұлы шығармалары болды. Әрбір шығарманы орындау барысында ерекше көңіл-күй сыйлаған музыканттар мен тыңдарман арасында тығыз байланыс орнады.
«Оркестдің ойнау шеберлігі мен дыбыс тазалығы,үйлесімділігі мені керемет күйге бөледі. Ол Россини, Монти. Әсіресе Монти. Керемет дерсің! Мен оның музыкасы қобызда қалай шығатынын елестеттім, қанша дегенмен ол да ішекті аспап қой. Ал домбырамен дуэт орындау - бұл нағыз таңғажайып дүние екен!» деген кеш қонағы Игорь Мацко өз әсерімен бөлісті.
«Оркестр туралы»
Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің негізін 1933 жылы композитор А.Жұбанов қалады. Бүгінде ол әлем бойынша қазақ ұлттық музыка өнерінің қара шаңырағы саналады. Өнер ұжымында 85 талантты музыкант жұмыс істейді. Оркестрді талантты әрі жас дирижер- Абылай Тілепберген басқарады. Ұжымның репертуарында - 4000 мыңнан астам қазақ, ресей және әлемге танымал шетел композиторларының шығармалары бар.Мәдени бағдарламадағы оркестрдің ең басты шығармасы, негізгі төлқұжаты ол – Құрманғазының күйі «Сарыарқа».
«Михайлов театры»
Михайлов театры 2001 жылы өзінің тарихи атауын қайтарып алды. Ал 2007 жылы Петербордағы ең таңдаулы музыкалық театр даңқына ие болды. Ресей музыка әлеміндегі ғасырлар бойы жарасымды жалғастығын тапқан театр бүгінде, әлем мәдениетіндегі заманауи үдерістер ағымымен дамуды қолға алған. Барынша әсем безендірілген зал мен көрермендер залының жайлы жабдықталуы келушілердің еркін демалуына арналған. Сол үшін де мұнда өтетін концерт уақыт талғамайды.
Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің концерті - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінің бірлесе атқаруымен ұйымдастырылды.




