
Пресс-конференцияға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов, Қазақстан Республикасының Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, «Қазақконцерт» Орталық концерт залының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, Нұр-Сұлтан қаласы Суретшілер одағының төрағасы Жанұзақ Керімбекұлы қатысты.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған Фестиваль Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында өткізіледі. Фестиваль шеңберінде түрлі деңгейдегі мемлекеттік кітапханалар мен музей ұйымдары мен қызметкерлерін анықтайтын «Рухани Қазына» байқауының жеңімпаздары белгілі болады.
Фестивальдің мақсаты – мәдениет саласы қызметкерлерінің қызметінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру, соның ішінде кітапхана, музей, мәдени ойын-сауық саласындағы қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыру, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау, аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін көтеру, үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін ортаға салу», - деді Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Әбіл Жоламанов.
Фестиваль аясында пленарлық отырыс (Фестивальдің ресми ашылуы), қазылар алқасының отырысы, «Рухани қазына-2019» республикалық байқауына қатысушылардың қазылар алқасы алдында таныстырылым жасауы, кітапхана, музей, мәдени ойын-сауық саласы бойынша дөңгелек үстелдер, шеберлік-сыныптар, панельді пікірталас, экскурсиялар мен сұхбат алаңшалары өткізілетін болады.