
2019 жылдың 6-7 маусымында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында этнограф, музыка зерттеушісі Александр Затаевичтің 150 жылдығы аясында «Музыкалық этнографиядағы тұлға, дәстүр, мәдениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция және «Дәстүр ізімен» атты дәстүрлі музыкалық концерт өтпек. Шараның мақсаты – атақты этнографтың мерейтойын тойлау ғана емес, сонымен қатар ғұрыптық дәстүрлердің қазіргі замандағы қолданысы мен сақталуы мәселелерін саралау.
Конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Болгария және Венгрия елдерінен 65-ке жуық зерттеушілер қатысады. Олардың ішінде белгілі түркітанушы-лингвист Эва Чаки (Венгрия), музыкадағы жүйелі этнофониялық әдістің негізін қалаушы Игорь Мациевский, шығыс музыкасының зерттеушілері Виолетта Юнусова, Анна Алябьева, Марина Дубровская (Ресей), музыкатанушы Эмилия Кодарова (Болгария), Өзбекстанның айтулы музыка мамандары Тухтасин Гафурбеков, Александр Джумаев, Дилором Каромат және Зульфия Мурадовалар бар. Қазақстандық ғалымдардан ғылым докторлары Сара Күзембай және Сәуле Өтеғалива, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарлануда.
Шара аясында өтетін «Дәстүр ізімен» атты концертке шетелден келген қонақтарымыз Улугбек Юнусов (дутар, Өзбекстан), Елеман Каныбеков (қомыс, Кырғызстан), Фахраддин Бахшалиев (әнші, тар, Азербайджан) сынды өнерпаздарға қоса елімізге танымал ұлттық өнер майталмандары Едіге Нәбиев, Еркін Шүкіманов, Ұлжан Байбосынова, Қайрат Кәкімов, Нүркен Әшіров, Әйгерім Қарсақбаева, Нұрболат Жанамановтар және талай әлемдік додаларда Бас жүлде алып еліміздің даңқын асқақтатып жүрген «Хассақ» және «Тұран» этно-фольклорлық ансамбльдері де қатыспақ.
«Александр Затаевичтің қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегін ұмыту мүмкін емес. Ол қазақтың 1000 әнін нотаға түсіріп, «Қазақтың 500 әні мен күйі» атты этнографиялық жинақтарын шығарып, дәстүрлі ән-күйлеріміздің көне нұсқаларының хатталуына әрі сақталуына зор үлес қосты. Затаевичті еліміздегі музыкатанушылар осы ғылымының негізін қалаушы тұлға, ұстаз ретінде қабылдайды. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының музыка зерттеушілері оның еңбектерін ең көне жазба дереккөздердің бірі ретінде басшылыққа алады. Сондықтан біз үшін Александр Затаевичтің 150 жылдығын өткізу өте маңызды», - деді өз сөзінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев.
Александр Викторович Затаевич (1869-1936) қазақтың дәстүрлі музыкасының зерттелуіне орасан зор үлес қосқан тұлға. 1920 жылы қазақ әнін естіп, оны құмартуы Затаевичтің өмірін басқа арнаға бұрып, қазақ музыкасындағы тарихтың жаңа парақтарының ашылуына септігін тигізді. Сол кезеңнен бастап А. Затаевич өзінің болашақ қызметін дәстүрлі музыка мұраларының үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған зерттеуші ұлты басқа болғанына, әрі орта жасқа келгеніне қарамастан, 1920 жылдардың қиын-қыстау кезеңінде кездескен көлік атаулымен, болмаса жаяу-жалпы аралап, көптеген ән-күйлерді нотаға түсіріп, оларды орындаушылар мен жеткізушілер жөнінде көп деректер жинады. Сонымен қатар ол тек қазақ фольклоры ғана емес, қырғыз, өзбек, ұйғыр, дұнған, корей халықтарының да фольклорын зерттеп хатқа түсірді. Осылайша Александр Затаевичтің еңбегі музыка зерттеушілері мен фольклортанушыларға үлкен серпіліс берді.