Ақтоты Райымқұлова: кинофестиваль - маңызды кәсіби алаң!

Ақтоты Райымқұлова: кинофестиваль - маңызды кәсіби алаң!

2019 жылы 30 маусымда Нұр-сұлтан қаласында XV Халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті.

Дәстүрлі қызыл кілемде жиналған қауым ду қол шапалақпен фестивальдің құрметті қонақтарын қарсы алды. Жұлдыздар шеруін атақты түрік актері Бурак Озчивит, ресейлік актерлер Дмитрий Дюжев, Наталья Антонова және Антон Макарский басқарды. Жиналған қауым отандық танымал актерлер Санжар Мәдиев, Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Динара Бақтыбаева, Данияр Алшинов, Асылхан Төлепов, Жанна Қуанышева және Жан Байжанбаевқа да ерекше қошемет көрсетті.

Бұл фестивальдің ерекшелігі - тек актерлердің ғана емес, сонымен қатар, фестивальдің президенті Ермек Тұрсыновтың айтуынша, көбінесе кадрдан тыс қалатын мамандардың да шеруі: "Көпшілік оларды танымайды, бірақ соңғы сөз осы адамдарда. лар Шешім қабылдайтын кісілер. Продюсерлер, режиссерлер және сценаристер – киноның басты шабыттандырушылары".

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің құттықтау сөзінде фестивальдің жоғарғы мәртебесі жайлы және оның Қазақстанның мәдени өміріндегі рөлі туралы айтып кетті:

- Биыл біз Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған "Кинематография туралы" Заң қабылданған сәттен бастап алғашқы кинофестиваль өткізудеміз. Осы маңызды құжаттың арқасында еліміздің киноиндустрия саласы өз дамуының жаңа кезеңіне өтуде. Шет елдердің үздік тәжірибесін ескере отырып, біз кинематографияны дамытудың өзіндік тұжырымдамалық көзқарасын қалыптастырудамыз. Қазақстанда енді киноөндірісті қолдау, киноиндустрияның бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін заңнамалық деңгейде жағдайлар жасалуда. Осы орайда бүгін ашылып отырған кинофестиваль - отандық киноиндустрияның қосымша дамуына ықпал ететін маңызды кәсіби алаң болып табылады,  - деп қорытындылады министр.

Сонымен қатар, салтанатты рәсімде жас әнші Ержан Максимде өнер көрсетті, ал кеш соңында көрермендер назарына "Қазақ хандығы. Алтын тақ" атты Рүстем Әбдіраштың тарихи картинасы ұсынылды.