«Елорда бейнесі архив құжаттары мен сирек басылымдарда» құжаттық көрмесі ашылады

«Елорда бейнесі архив құжаттары мен сирек басылымдарда» құжаттық көрмесі ашылады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық архиві және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар мен сирек кітаптар орталығы бірлесіп, 2019 жылдың 3 шілдесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде және мекемелер арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің орындалуы негізінде «Елорда бейнесі архив құжаттары мен сирек басылымдарда» атты құжаттық көрме өткізуді жоспарлап отыр.

Көрменің мақсаты – қалың жұртшылықты Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасымен, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласының қалыптасуы мен даму тарихын насихаттайтын архив құжаттары және тарихи кітаптармен таныстыру. Көрме үлкен патриоттық бағдар беріп, әр адамның рухани байлығы мен дамуы үшін өте маңызды болып табылады. Әрбір құнды құжат көрме қатысушыларын әлемдегі ең үздік сәулетшілер салған қазіргі астанамызбен, оның сұлу келбетімен таныстырады.

Көрмеде алғаш рет көрермен назарына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 23 наурыздағы «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы» №6 жарлығы ұсынылады. Сонымен қатар мемлекет тарихына арналған маңыздылығы зор архив құжаттарымен таныса алады: Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» (1991 жылғы 16 желтоқсан) Конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасының астанасын ауыстыру туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысы (1994 жылғы 6 шілде), «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы (1995 жылғы 15 қыркүйек), Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасының Жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссиясы туралы» қаулысы (1995 жылғы 28 қыркүйек), Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасын жариялау туралы» Жарлығы (1997 жылғы 20 қазан), Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының астанасы – Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлығы (1998 жылғы 6 мамыр) және басқалар.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктері елшілігінің, Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық архивінің өкілдері, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері, студенттер, Нұр-Сұлтан қаласындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысады деп күтілуде.