Велоспорт жарысы бойынша Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар кімдер?

Велоспорт жарысы бойынша Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар кімдер?

Токио Олимпиадасында велоспорт жарысы 25 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Жалпы бұл спорт түрінен төрт жылдықтың басты додасында 4 дисциплина бойынша 22 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Оның 4-еуі тас жолдағы, 12-сі тректегі велоспорттан, 2-еуі маутинбайктен (таулы жерде), 4-еуі веломотокростан.

Тас жолдағы жарыстар Мусасиномори саябағынан басталып, Фудзияма тауының етегіндегі Формула-1 жарысы өтетін «Фудзи Спидвей» тас жолында да өтеді (Жалпы көптеген жарыс жолы қала сыртында). Ерлерге арналған жарыс жолының ұзындығы – 266 км, әйелдердікі – 143 км.

Қазақстан құрамасы еншісінде тас жолдағы велоспортта командалық жарыста 3, жекелеген жарыста 1 жолдамаға ие.

Биыл Токиодағы олимпия ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар:

1.Алексей Луценко 1992 жылы 7 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.

Қазақстан құрамасы қатарындағы үздік нәтижелері:

-Топтық жарыста U23 жас аралығында 2012 жылы Әлем чемпионы;

-Топтық жарыста 2014, 2018 жылы Азия ойындарының жеңімпазы;

-Жекелеген жарыста 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы.

Astana ProTeam велокомандасы сапындағы үздік нәтижесі: 2017 жылғы Куэльта көпкүндік кезеңінің жеңімпазы.  

2.Андрей Зейц 1986 жылы 14 желтоқсанда Ақмола облысында дүниеге келген.

Қазақстан құрамасы қатарындағы үздік нәтижесі командалық жарыста Азия чемпионы (2017), Рио Олимпиадасында 8 орын алған.

3.Вадим Пронский 1998 жылы 4 маусымда Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазақстан құрамасы қатарындағы үздік нәтижесі жекелеген жарыста Азия чемпионы (2016).

Қазақстан велоспорттан олимпиадаларда Александр Винокуров қол жеткізген бір алтын (2012), бір күміспен (2004) жүлдеге қол жеткізген 42 мемлекеттің ішінде 25-ші орында тұр. Көш басында 98 медалі (42 алтын, 28 күміс, 28 қола) бар Франция, екінші орында 63 жүлдесі бар (37+16+10) Италия келе жатыр.

Олимпиада бағдарламасына велоспорттағы 4 дисциплинаның ішінде ең алдымен велотректегі жарыс қосылды. Бұл санаттағы сайыстар 1896 жылы Афинада өткен Олимпиадада енгізіліп, осы уақытқа дейін тек 1912 жылы Стокгольмде ғана өтпеген. Бастапқыда тек ерлер арасында өтсе, 1988 жылы Сеул Олимпиадасынан бастап әйелдер де бақ сынап келеді.

Тас жолдағы жарыстар да 1896 жылы Афинада өткен алғашқы жазғы олимпия ойындарынан бастап қатарда. Алайда 1900 бен 1908 жылдар арасында өткізілмеген. Әйелдер 1984 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиададан бері жарыс көркін қыздырып келеді.

Ал маунтинбайктан жарыс алғаш рет Атлантадағы (1996), веломотокростан Бейжіңдегі (2008) додада бағдарламаға қосылды. Сол сәттен бері ерлер мен әйелдер арасындағы жарыс қатар өтеді.