Руслан Құрбанов Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Руслан Құрбанов Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Спортшы квотаны Халықаралық семсерлесу федерациясының әлемдік рейтингі бойынша тікелей іріктеу арқылы иеленді.

Халықаралық Федерацияның ережесі бойынша Олимпиадаға әрбір дисциплинада 34 спортшы іріктелінеді. 24 спортшы командалық жарыстарда жолдамаға ие болып, квалификацияға қол жеткізеді.

Олимпиадаға тікелей іріктеу келесі тізім бойынша рейтингісі жоғары алты спортшы бара алады: Еуропадан 2 спортшы, Азия-Океаниядан 2 спортшы, Америка мен Африкада 1 спортшы.

Федерацияның ресми сайтында FIE жеке рейтингі және жоғарыда көрсетілген іріктеу ережесі бойынша квота иеленген 6 спортшының есімі көрсетілген. Ол Азия және Океания жолдамасы бойынша өткен отандық спортшы Руслан Құрбанов, сонымен қатар, дәл осындай жолдаманы жапониялық Масару Ямада иеленді. Еуропадан жолдаманы Гергели Сиклоси (Венгрия) және Бас Вервилен (Нидерланды) алды. Америкаға берілген жалғыз жолдама венесуэлалық Гаскон Рубен Лимардоға бұйырды. Ал, африкалық жолдама мароккалық Муссам Элькордтың еншісінде. Айта кетейік, 4 спортшы, Олимпиадаға жолдаманы құрлықтық квалификациялық жарыстардың нәтижесі бойынша иелене алады. Дәл қазір, ел қоржынында 45 Олимпиада жолдамасы бар.

Біздің анықтама: Руслан Құрбанов 1991 жылы 17 қыркүйекте Өскеменде дүниеге келген. Ол семсерлесуден Азия Чемпионатының қола жүлдегері, 2013 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері. Шпагамен семсерлесуден Әлем Кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін чемпионы. Р.Құрбановтың алғашқы жаттықтырушысы Александр Куимов.