
24-26 наурыз аралығында 8-18 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты өтеді.
Бəсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам жас шахматшы қатысады. Жарыс Lichess.org ойын алаңында өтеді, ал қатысушылардың бақылау ZOOM платформасында жүзеге асады. Бақылау уақыты 15 минут + 10 секунд (әр жүріс үшін, бірінші жүрістен бастап) уақыт беріледі.
Алаяқтықпен күрестің алдын алу үшін (турнирге қатысушылардың компьютерлік бағдарламаларды немесе үшінші тарап кеңесін қолдануы) турнирге Античитер комиссиясы қатысады және Fair Play Panel античитерлік бағдарламасы қолданылады.
Онлайн чемпионат партиялары Қазақстан шахмат Федерациясының Youtube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі. Комментаторы - танымал халықаралық гроссмейстер - Мұртас Қажғалеев.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Жеңімпаз-спортшылардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйлық белгіленген. Жарыстың жалпы жүлде қоры 1 800 000 теңге.
Қазақстан шахмат федерациясының Президенті Бейбіт Атамқұлов Қазақстан чемпионаты еліміздегі ең маңызды шахмат оқиғасы екенін айтты.
«Чемпионаттың барлық қатысушысы өз өңірінде мұқият іріктеуден өтті. Әр санаттағы алтын медаль иегерлері онлайн Әлем чемпионатына қатысу құқығына ие болады», - деп мәлімдеді ол.
Ұйымдастырушылар - Қазақстан шахмат Федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті.