Талғат Теменовтың «Біздің қаланың ханзадасы» фильмі Кореядағы кинофестивальге қатысады

Талғат Теменовтың  «Біздің қаланың ханзадасы» фильмі Кореядағы кинофестивальге  қатысады

9-15 шілде аралығында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтіп жатқан кинофестивальдің «Busan International Kids & Youth Film Festival» бағдарламасында   Талғат Теменовтың «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі көрсетіледі. Картина ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Адигул продакшн» компаниясының қатысуымен түсірілген.

«Staying Together» бағдарламасына қатысатын Т.Теменовтың  фильмі үйлесімділік, отбасылық махаббат және достыққа арналған. Естеріңізге сала кетейік, «Біздің қаланың ханзадасы» фильмі - бұл Бибол есімді ерекше бала мен музыкант  Қасымхан шал, олардың кездейсоқ таныстығы үлкен достыққа айналған әсерлі оқиға туралы. Шал балаға туғанындай жақын болып кетеді. Бибол Қасымханмен араласа келе, адамның рухани және адамгершілік қасиеттерінің арқасында шынайы бақытқа қол жеткізе алатынын түсінеді. 

Естеріңізге сала кетейік, фильмде басты рөлді сомдаған актер Төлеубек Аралбай 2018 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында өткізілген кинофестивальдің «Ең үздік ер адам рөлі» аталымы бойынша  жеңіп алды. Сонымен қатар, Дакка қаласында өткен 17 ХКФ-де «Біздің қаланың ханзадасы» фильмі «Бадал Рахманның ең үздік балалар фильмі» (*Бангладеште балаларға арналған толықметражды көркем фильм түсірген алғашқы кинорежиссер) марапатына ие болды. Сондай-ақ,   картина II халықаралық  «Еуразиялық көпір» атты кинофестивалінің  негізгі конкурсында көрсетіліп, Севастополь қаласындағы «Алтын Витязь» Халықаралық Кинофорумның бағдарламасына қатысқан.