
Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт вице-министрі Нұрғиса Дəуешов Шымкент қаласы опера және балет театрында өткен «Домалақ ана» операсының премьерасына қатысты.
Жаңа қойылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналды.
«Домалақ ана» – Тәуелсіз Қазақстан тарихында жазылған екінші опера.
Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз аналарымыздың ішінде қасиетті Домалақ ана туралы оқиға аңыз-әпсанадан гөрі тарихи шындығының молдығымен дараланып тұратын шығарманың бірі. Қазақ халқынның өзіне тән қасиетті ана бейнесі «Домалақ ана» операсында тереңдікпен жеткізілген.
Жас қыз Нұриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейірге толы ғұмыры арқылы ана махаббатының қуаты өте кең әрі шынайы көрсетіліп, суреттеледі.
«Домалақ ана» операсы тек аналық қайсар жүрек пен қалың елге тараған кең пейілділікті айшықтап қана қоймай, қазақ халқының тарихында маңызды оқиғалардың қозғаушысы болған Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігімен бір арнаға тоғысып, қазақ елінің тарихи тереңдігін, мәдени көркемдігін кеңінен қамтиды.
4 көріністі қойылымда 160 артист рөл сомдады. Жаңа қойылымды сахналауға танымал өнер майталмандары қатысты.
Операның композиторы – ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық байқаулардың лауреаты Тасқын Жармұқамет. Либреттосын жазған - Асхат Маемиров.
Идея авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Майра Мұхамедқызы.
Қоюшы-режиссер – Беларусь Республикасы Үлкен театрының бас режиссері Михаил Панджавидзе.
Қоюшы-дирижер – әлемге әйгілі дирижер, Италиядағы Карло Феличе театры қорының көркемдік жетекішісі Джузеппе Аквавива.
Дирижер – Адай Жұмат, Мәди Өмірзақ;
Қоюшы-балетмейстер – «Құрмет» орденінің иегері Абдурасул Есекеев;
Қоюшы-хормейстер – Бағлан Алтаев;
Басты партияларды орындаушылар: Домалақ ана (Нұрила) – сопрано – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы; ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уралхан Сейілбекова; ҚР Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты Айгүл Азатова;
Бәйдібек би – тенор ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш; Халықаралық байқаулардың лауреаты Мəдихан Дүйсеев, Жұмабек Қаңтарбаев.
Хазірет – баритон – Халықаралық байқаулардың лауреаты Марат Оразметов, Айбек Қанатбек, Айдос Иманжаппаров.
Марау ханым (бәйбіше) – меццо-сопрано – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина; Халықаралық байқаулардың лауреаты Гаухар Ахетова, Гүлжан Расқалиева.
Зеріп ханым (бәйбіше) – Майгүл Микижанова.
Ұлдар (Марау бәйбішенің алты ұлы) – Халықаралық байқаулардың лауреаты Айдар Баимбетов, Нематилло Зкруллаев, Нұржан Жүсіпбеков, Нұрқанат Тапиев, Роберт Жеткербаев, Алексей Скибин.
Көпшілік сахнада – сарбаздар, ауыл адамдары, қыздар мен жігіттер, шүршіттер мен барымташылар – хор, балет артистері.